Без рубрики

НҰРАЙ ІСІ БОЙЫНША АЙЫПТАЛУШЫ АЛҒАШ РЕТ ЖАУАП БЕРДІ

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды. Сот барысында айыпталушы Шерхан Аймахан жауап беріп, оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты.

Айыпталушының сөзінше, ол Нұраймен 2025 жылдың жазында танысып, араларында жақын қарым-қатынас орнаған. Оның айтуынша, қызға үнемі қаржылай қолдау көрсетіп, түрлі сыйлықтар жасаған. Сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында екеуі үйленуге келіскенін мәлімдеді.

Шерхан Аймаханның айтуынша, 11 қаңтар күні ол Нұрайды кездесуге шақырып, қарым-қатынасты тоқтататынын және бұрын сыйлаған сақинаны қайтарып алатынын жеткізген.

Соттағы жауабында айыпталушы оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін былайша баяндады:

«Мен айырылысамыз деген кезде ол ашуланып, сақинаны көшеге лақтырып жіберді. Кейін кеудеме соққы жасап, балағат сөздер айта бастады. Бір кезде қалтамда пышақ барын сездім. Кішірек пышақты шығарып, оған ұстатып: «Ұрғанша, пышақтай сал» дедім. Нұрай пышақты алып, оң жақ бүйіріме сұқты… Одан кейін не болғаны есімде жоқ», – деді айыпталушы.

Сонымен қатар, ол Нұрайдың туыстары олардың қарым-қатынасы туралы білгенін және кездесулеріне қарсы болмағанын айтты.

Еске салайық, 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің маңынан Нұрай Серікбайдың мәйіті табылған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, қызға 36 рет пышақ жарақаты салынған.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша барлық дәлелдер мен тараптардың уәждеріне сот барысында құқықтық баға беріледі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close