ӘСКЕРГЕ САУ КЕТКЕН САРБАЗ БАЛДАҚПЕН ОРАЛДЫ
Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны Бақытжан Әмит әскери борышын өтеуге сау кеткенімен, 10 айдан кейін үйіне балдақпен оралған. Анасы ұлының әскерге жарамды деп танылып, кейін денсаулығынан айырылғанына алаңдап отыр.

Бақытжан 2025 жылдың қарашасында әскерге шақырылған. Алғашында Қапшағайда қызмет етіп, бес айдан кейін Семейдегі әскери бөлімге ауыстырылған. Сарбаздың айтуынша, қызмет барысында аяғы ауырып, бірнеше рет дәрігерге жүгінген. Алайда бастапқыда оған тиісті ем көрсетілмеген.
Кейін жағдайы нашарлаған соң Семейдегі дәрігерлер оны тексеруден өткізіп, Астанаға жіберген. Қазір Бақытжан өздігінен жүре алмайды және қозғалу үшін балдақ қолданады. Дәрігерлер оның бойынан буындардың туа біткен патологиясын және несеп шығару жүйесіне қатысты қосымша ауруларды анықтаған.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-клиникалық госпиталі өкілдерінің мәліметінше, Бақытжан әскерге шақырылар алдында медициналық комиссиядан өткен кезде денсаулығына шағым айтпаған. Әкімдік жанындағы медициналық комиссия оны әскери қызметке жарамды деп таныған.
Қорғаныс министрлігі сарбаздың әскери қызмет кезінде денсаулығына қатысты шағымдары пайда болғаннан кейін қажетті тексерулерден өтіп, госпитальда ем қабылдағанын хабарлады. Анықталған аурулар бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіліп, әскери қызметке жарамсыз деп танылған. Кейін денсаулық жағдайына байланысты белгіленген тәртіппен әскерден босатылған.
Қазір Бақытжанға ота қажет. Анасы баласының денсаулығын қалпына келтіру үшін ем іздеп жүр.



