ТОҚАЕВ ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерімен кездесті. Жиын Түркі мемлекеттері ұйымы ішкі істер министрлерінің кеңесі қарсаңында өтті.

Кездесуге Әзербайжанның ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғызстанның ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи, Өзбекстанның ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты.
Президент түркі елдерінің ынтымақтастығы жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ортақ тарих пен дәстүр мемлекеттер арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалдың тұрақсыз екенін айтып, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың маңызы арта түскеніне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және мемлекеттік басқару реформалары туралы да айтты.
Президент құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты күшейту, тәжірибе алмасу және ортақ сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру маңызды екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері арасындағы достық пен өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға тілектестік білдірді.
Іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те сөз сөйледі.



