ІІМ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНА ҚОСЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын бірлесіп іске асыруға кірісті.

Құжатқа Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және қоғамда заңды құрметтеу қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ бастама «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады.
Меморандумға сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша өтетін республикалық кітап оқу марафонына қатысады. Алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқып, шығармалар бойынша пікір алмасып, түрлі зияткерлік іс-шараларға қатысады.
Марафонның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздіксіз білім алу мен өзін-өзі дамыту дағдыларын дамыту.
Жоба бұған дейін де өзінің тиімділігін көрсетті. 2025 жылы пилоттық кезең Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында ұйымдастырылып, 189 мыңнан астам адамды қамтыды. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер марафонның үздіктері қатарынан көрінді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков кітап оқу полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі рухани дамуына ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, министрлікте 2024 жылдан бері бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде министрлік пен өңірлік департаменттерде кітапханалар ашылып, қызметкерлер ай сайын жаңа кітаптар оқып жүр. Сонымен қатар жыл сайын детектив жанрындағы «Серт» әдеби байқауы ұйымдастырылып, үздік шығармалар кітап болып жарық көреді.
Өз кезегінде Бақытжан Тұрлыбеков Ішкі істер министрлігінің жобаға қосылуы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін беретінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастама мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар, білімге және тұрақты дамуға ұмтылатын тұлға екенін көрсетеді.
Тараптардың айтуынша, меморандум кітап оқу мәдениетін дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және елімізде жаңа оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтереді.



