ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛТЫНДЫ ЗАҢСЫЗ ӨНДІРГЕН 13 АДАМ ҚАМАЛДЫ
Қызылорда облысының Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті топ Жаманкөл шатқалында табиғи алтын өндірумен айналысқан.

Тергеу барысында топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінгені анықталған. Бір бөлігі алтын өндіруге адамдар тартып, жұмыс барысын ұйымдастырса, енді бірі өндірілген шикізатты тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Ал топтың басқа мүшелері өндіріс аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, өндірілген алтын кейін сату мақсатында Алматы қаласына жеткізіліп отырған. Одан түскен қаражат қылмыстық топ мүшелерінің арасында бөлінген.
Жедел-тергеу шаралары барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар тінту кезінде екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған.
Қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен 13 адам қамауға алынды. Қазір олардың заңсыз алтын өндіру және өткізу ісіндегі нақты рөлі анықталып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлады. Қылмыстық істің мән-жайы мен заңсыз өндірілген алтынның нақты көлемі тергеу нәтижесінде белгілі болады.



