ЖАСӨСПІРІМДІ ЗОРЛАДЫ ДЕГЕН КҮДІКПЕН 22 ЖАСАР ЖІГІТ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Telegram желісіндегі «Криминальный Казахстан» арнасының мәліметінше, жантүршігерлік оқиға 19 мамыр күні болған.

Алдын ала ақпарат бойынша, жасөспірім құрбысымен серуендеп жүріп, оның үйіне барған. Сол кезде үйде құрбысының ағасы болған. Жәбірленушінің туыстары қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен осы азамат деп мәлімдеп отыр.
Туыстарының айтуынша, күдікті қызды «өлтіремін» деп қорқытқандықтан, жасөспірім болған жағдайды ұзақ уақыт бойы ешкімге айтпаған.
Жәбірленуші жақындарының сөзінше, күдікті – қыздың бала кезінен танитын, көрші тұратын 22 жастағы жігіт.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні тергеу изоляторына қамады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.



