Без рубрики

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ ХАЛЫҚ АМАНАТЫНА АДАЛ БОЛУЫ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Президент депутаттардың ең басты міндеті халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет ету екенін айтты.

«Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның қазіргі таңда дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл елдің болашағы үшін маңызы зор көптеген тарихи оқиға жүзеге асты. Соның ішінде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформаның табысты іске асырылуы ерекше орын алады.

Президенттің сөзінше, халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның саяси және құқықтық дамуында жаңа кезеңнің басталуына негіз болды. Ата Заңның күшіне енуі ел тарихындағы маңызды бетбұрыс ретінде бағаланып, мемлекеттің одан әрі өсіп-өркендеуіне қажетті берік құқықтық негіз қалыптастырды.

«Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа конституциялық өзгерістердің нәтижесінде қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланғанын айтты. Бұл жүйе мемлекет құрылымын жаңғыртып қана қоймай, билік институттарының тиімділігін арттыруға және азаматтардың ел басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

«Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтайдың алғашқы депутаттары жаңа саяси-құқықтық жүйенің қалыптасу кезеңінде жұмыс істейді. Сондықтан олардың алдында елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдау, халықтың талап-тілегін ескеру және мемлекет мүддесін қорғау міндеті тұр.

Осыған байланысты Құрылтайдың алғашқы құрамы үшін халық сенімін ақтау – басты жауапкершілік. Ал жаңа заң шығарушы органның жұмысы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға және елдің одан әрі дамуына бағытталмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close