МИРЗИЁЕВ ТОҚАЕВТЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНЫҢ СӘТТІ ӨТУІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, оны Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Телефон арқылы өткен әңгіме барысында Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы маңызды саяси оқиғаға қатысты ізгі тілегін білдірді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан көшбасшысына қолдауы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдар құрамында Өзбекстанның байқаушылар миссиясын жібергеніне ризашылығын білдірді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті елімізде жүргізіліп жатқан ішкі саяси өзгерістерге тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың құрылуы Қазақстанды саяси жаңғыртуға бағытталған реформалардың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – озық, заманауи және әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформаларды одан әрі жалғастыру.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық және стратегиялық серіктестік қатынастардың қазіргі даму деңгейіне оң баға берді. Екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келе жатқаны атап өтілді.
Телефон арқылы сөйлесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетіп, өзара тиімді жобаларды іске асырудың маңызын атап өтті.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, өндірістік кооперацияны күшейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Сонымен бірге Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары арасындағы байланысты жандандыру қажеттігі айтылды.



