ТРАМП АҚШ-ТЫҢ ЖИ САЛАСЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫЛЫҒЫН САҚТАП ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ
АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту бойынша Қытайдан алда тұрғанын айтып, елдің бұл басымдығын сақтап қалу маңызды екенін мәлімдеді.

Ақ үй басшысы Ирландия журналистеріне берген сұхбатында жасанды интеллект саласындағы бәсекенің маңыздылығына тоқталды.
«Қазір ЖИ саласында Қытайдан алда келеміз деп айта аламын. Оның осылай жалғасқанын қалаймын. Себебі ЖИ бәйгесінде кім озып шықса, өзге салаларда да мерейі үстем болады», – деді Дональд Трамп.
Трамптың бұл мәлімдемесі АҚШ-тағы бірқатар жетекші жасанды интеллект әзірлеушілері технологияның адамзатқа ықтимал қауіптері туралы ескерткеннен кейін айтылды. Сарапшылар ЖИ-дің қарқынды дамуы бақылау мен қауіпсіздік мәселелерін өзекті етіп отырғанын алға тартады.
АҚШ президенті жасанды интеллектіні дамытуға белгілі бір шектеулер енгізуге қарсы емес екенін де жеткізді. Оның айтуынша, мұндай шектеулер адамдарды ықтимал қауіптерден қорғауға бағытталуы мүмкін.
Сонымен бірге Трамп жасанды интеллектке қатысты кейбір қауіптер асыра айтылып немесе тіпті ойдан шығарылуы мүмкін деген пікір білдірді.
Жасанды интеллектіні дамыту бүгінде АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің негізгі бағыттарының біріне айналды. Екі ел де ЖИ технологияларын экономика, өндіріс, қорғаныс және басқа да стратегиялық салаларда кеңінен қолдануға басымдық беріп отыр.



