ТҮРКІСТАНДА ДЖИНС МАТАСЫН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ
Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта шикізатын терең өңдеп, дайын өнім шығаруға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аумағы 20 гектар өндірістік алаңда «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіретін заманауи фабрика салуда.

Жобаның жалпы құны 25,8 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның алғашқы кезеңін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту бойынша да жұмыстар аяқталуға жақын. Өндірістік алаңға электр энергиясы, газ, су және басқа да инженерлік желілер жеткізілуде.
Құрылыс барысын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «TURAN» арнайы экономикалық аймағының 290 гектар аумақты қамтитын қосалқы аймағына барып, кәсіпорын өкілдерімен кездесті. Жауапты мамандармен бірге жобаның іске асу барысы талқыланды.
Нысанды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға өндірісті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ инвестормен бірлесіп туындаған мәселелерді уақытылы шешіп, әр бағыт бойынша бекітілген жұмыс кестесінің сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, өндірістік ғимараттардың құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау, қажет болған жағдайда құрылыс алаңындағы жұмысшылар мен техниканың санын арттыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда жатақхана мен кеңсе ғимараттарының құрылысы аяқталуға жақын. Екі өндірістік ғимаратта жер жұмыстары, іргетас құю, бетондау және металл конструкцияларын монтаждау кезеңдері аяқталған. Құрылыс жұмыстарына 4 техника және 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған. Нысанның құрылысын «Qaz Build Elements» ЖШС жүргізіп жатыр.
«Hygeia Textile Kazakhstan» жобасының басты ерекшелігі – мақта шикізатын өңірдің өзінде терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беруі. Фабрика іске қосылғаннан кейін мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіру жолға қойылып, Түркістан облысының тоқыма өнеркәсібіндегі өндірістік мүмкіндігі кеңейе түседі.
Жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына, шикізатты өңдеудің үлесін арттыруға және дайын өнім өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларға дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері ұсынылатын индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер арқылы дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал терең өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында.



