ТӨЛЕПБЕРГЕН ӘБДІРАШЕВ АТЫНДАҒЫ ОРКЕСТР 91-ШІ МАУСЫМЫН АШТЫ
Төлепберген Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі 91-ші концерттік маусымының шымылдығын әлемдік классиканың көрнекті туындысымен ашты.

Маусымның алғашқы концертінде көрермен назарына австриялық композитор Густав Малердің №2 до минордағы «Қайта тірілу» симфониясы ұсынылды. Көлемі ауқымды әрі орындаушылық тұрғыдан күрделі шығармада симфониялық оркестрмен қатар хор мен солистердің партиялары тоғысып, адам өмірі, үміт, рухани жаңғыру және мәңгілік құндылықтар тақырыптары кеңінен көрініс табады.
Музыкалық кеште оркестрмен бірге Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы өнер көрсетті. Симфониялық оркестрге оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров жетекшілік етті.
Ал хор партиялары Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Бейімбет Демеуовтің жетекшілігімен дайындалды.
Густав Малердің «Қайта тірілу» симфониясы – композитор шығармашылығындағы ең ірі туындылардың бірі. Бес бөлімнен тұратын шығарма өзінің терең философиялық мазмұны, күрделі музыкалық құрылымы және орындаушылардан жоғары шеберлікті талап ететіндігімен ерекшеленеді.
Осы туынды арқылы концерттік маусымның ашылуы оркестрдің классикалық музыканың жауһарларын заманауи орындаушылық деңгейде ұсынуға бағытталған шығармашылық ізденісін аңғартты. 91-ші маусымның алғашқы концерті көрерменге мазмұны терең, ауқымы кең музыкалық бағдарлама ұсынды.



