ТЕҢДІК АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Теңдік ауылында жаңартылған мәдениет үйі тұрғындарға есігін айқара ашты. Мәдени нысан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлескен «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында жаңғыртудан өтті.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері қатысты. Жиын барысында ауылдағы мәдени инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау және балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы атап өтілді.
«QH Мәдени даму алаңы» жобасы елімізде алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет нысандарынан бастау алып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – өңірлердегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсартып, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына, білім алуына және мәдени демалысын мазмұнды өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру.
Жаңғырту жұмыстары барысында Теңдік ауылындағы мәдениет үйінің ішкі кеңістігі толық жаңартылды. Нысанның жиһазы мен техникалық жабдықтары ауыстырылып, заманауи жарық және дыбыс құрылғылары орнатылды. Бұл мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындары үшін мұнда түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, вокал және домбыра студиялары, театр және хореография үйірмелері, сондай-ақ қолөнер шеберханасы ашылды. Балалар мен жастардың өнерге қызығушылығын арттыруға бағытталған арнайы орындар да қарастырылған.
Сонымен қатар мәдениет үйінде жаңартылған кітапхана мен балаларға арналған арнайы кеңістік жабдықталды. Бұл ауыл тұрғындарының кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.
Жаңарған мәдениет үйі Теңдік ауылының қоғамдық және мәдени өмірінің жаңа орталығына айналмақ. Мұнда концерттер, шығармашылық кездесулер, көрмелер, шеберлік сабақтары мен түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын дамытуға басымдық берілмек.
«QH Мәдени даму алаңы» жобасының ауылдық жерлерден басталуы мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға және шалғай елді мекен тұрғындарының мәдени қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



