РИНАТ ЗАИТОВ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАИЫНДАЛДЫ
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы болып тағайындалды. Ол жаңа қызметке кім шақырғанын және неліктен депутаттық жұмысқа қайта оралғысы келмейтінін айтты.

Ринат Заитов бұл туралы YouTube-тегі Adal ADAM арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, қазан айының басында Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы Аидос Мырзахметов осы қызметке ұсыныс жасаған.
Ұлттық әскери-патриоттық орталық әскери ансамбль мен оркестрдің жұмысын үйлестіріп, патриоттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – әскери қызметшілер мен жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Заитовтың айтуынша, ол қорғаныс саласында басталған реформаларға үлес қосу үшін жаңа қызметке келіскен.
«Мен өзгерістерге атсалысқанды ұнататын адаммын. Сондықтан бұл жұмысқа қуана келдім. Жүріп жатқан өзгерістерге аз да болса үлес қосқым келеді», – деді ол.
Бұрынғы депутат Мәжілістегі жұмыс кезеңі өзіне ауыр тигенін де жасырмады. Биыл парламент құрамынан кеткеннен кейін біраз уақыт демалып, қыркүйекте қайтадан жұмысқа кіріскенін айтты. Оның сөзінше, депутаттық қызметтегі жоғары жауапкершілік пен еңбектің еленбеуі жұмысқа деген ынтасына әсер еткен.
«Мен үшін бұл ауыр кезең болды. Бұдан кейін мұндай жұмысқа енді жоламауға тырысамын. Өйткені ол жерде жауапкершілік өте жоғары. Ал орасан зор еңбек еленбей қалса, адамның көңілі қалады. Уақыт өте келе жұмыс істеуге деген ынта да жоғала бастайды», – деді Ринат Заитов.
Айта кетейік, оның жаңа қызметке тағайындалуы Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келді. Әскердегі қайғылы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы қорғаныс саласындағы жағдайды тексеріп, тиісті реформалар жүргізуді тапсырған болатын. Қорғаныс министрі болып Аидос Мырзахметов тағайындалып, ведомстводағы бірқатар лауазымды тұлға қызметінен кетті.



