ШЫМКЕНТТЕ $4,8 МЛРД-ТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Шымкентте алғаш рет өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумында жалпы сомасы 4,8 млрд доллар болатын 22 құжатқа қол қойылды. 40-тан астам елден 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі қатысқан жиында энергетика, өнеркәсіп, білім беру, медицина, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы жобалар талқыланды.

Форумның Шымкентте өтуі қаланың экономикалық әлеуетімен байланысты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, соңғы бес жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есе өсіп, 7 млрд долларға жеткен. Ал қаланың жалпы өңірлік өнімі 13 млрд долларды құраған. Қазір Шымкентте шетелдік капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Форум аясында Қазақстанның энергетикалық және өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ірі келісім жасалды. Олардың қатарында Қостанай облысында қуаты 1 000 МВт жел электр стансасын салу, автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу және Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт ашу жобалары бар. Бұл бастамаларға жоспарланған инвестиция көлемі тиісінше 730 млн, 249,6 млн және 150 млн долларды құрайды.
Бұдан бөлек, білім беру саласында 20 инклюзивті мектеп салуға, Құрық портында көпфункционалды терминал тұрғызуға және халықаралық медициналық орталық құруға қатысты меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 500 млн доллар инвестициямен дата-орталық салу жобасы қарастырылды.
Шымкент үшін маңызды келісімдердің бірі – құны 74,3 млн доллар болатын ПЭТ-преформалар өндіру және пластикті қайта өңдеу зауытын салу жобасы. Қала әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасындағы келісім жаңа өндірісті дамытуға бағытталған.
Форумда премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның инвестициялық саясаты мен басым бағыттарын таныстырды. Үкімет басшысы озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістер ашу және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы жаңғыртудың маңызын атап өтті. Инвесторларға өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, көлік машина жасау және цифрландыру салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Aksa Energy, Carlsberg Kazakhstan, Solico Group және CONTEC компанияларының өкілдерімен кездесіп, энергетика, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ғарыш технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Жалпы, KGIR-2026 Қазақстанның халықаралық инвесторлармен байланысын нығайтып, жаңа жобаларға жол ашатын маңызды алаңға айналды. Дегенмен қол қойылған құжаттардың нақты экономикалық нәтижесі инвестициялық бастамалардың толық жүзеге асуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық өндірістің дамуына байланысты болмақ.



