Без рубрики
«72 РЕТ ПЫШАҚ СҰҒАР ЕДІМ» ПІКІРІ ҮШІН СОТҚА ТАРТЫЛАДЫ
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты әлеуметтік желіде жазылған пікір қоғамда қызу талқыланып, дау тудырды. Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеді.


Оның айтуынша, TikTok желісінде Нұрай Серікбайға 36 рет пышақ жарақаты салынғаны туралы жарияланған видеолардың бірінің астына @dkraken9 (Дәурен) есімді қолданушы: «72 рет пышақ сұғар едім, че там» деген пікір қалдырған.
Осыдан кейін марқұмның адвокаты аталған пікірге байланысты құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Кейін пікір авторы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Тергеу барысында ол жазған пікірінің марқұм Нұрай Серікбайға емес, іс бойынша сотталушы Шерхан Аймағанға бағытталғанын түсіндірді.
Сондай-ақ ер адам Нұрай Серікбайдың туыстарынан көпшілік алдында кешірім сұраған.
Алайда марқұмның адвокаты оның әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтып, істің сотта қаралатынын мәлімдеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған құқық бұзушылық бойынша оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.