АСТАНАДА ШӘМШІ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ
Елорда төрінде Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Ән аға – жан аға» атты ауқымды концерттік жоба өтті. Рухани-мәдени кеш қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов шығармашылығын насихаттауға арналды.

Кештің басты мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың халық жүрегінен орын алған әндерін дәріптеп қана қоймай, ұлттық және әлемдік классикалық музыканың үздік туындыларын көпшілікке ұсыну болды. Концерт барысында филармонияның шығармашылық ұжымдары мен өнер майталмандары мазмұнды әрі әсерлі музыкалық бағдарлама ұсынып, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлады.
Сахна төрінде шырқалған сазгердің сырлы әндері жанды дауыста орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, қазақы нақыш пен ұлттық рухты айшықтаған музыкалық композициялар кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Концертте шығармалар «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің, «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблінің, «Тұмар» фольклорлық ансамблінің және «Шауғар» этно ансамблінің сүйемелдеуімен орындалды. Өнер ұжымдарының үйлесімді орындауы ұлттық музыканың бай мұрасы мен көркемдік болмысын кеңінен танытты.
Рухани құндылықтарды ұлықтап, қазақ музыка өнерінің алтын қорын келер ұрпаққа насихаттауға бағытталған мұндай мәдени жобалардың маңызы зор. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнерді дәріптейтін тағылымды кештер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.





