Без рубрики

ИІРСУ АУЫЛЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНЫҢ ЖОБАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУДА ҚАРАЛДЫ

Түлкібас ауданында елді мекендерді заманауи талаптарға сай дамыту, құрылыс жұмыстарын жүйелі жоспарлау және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Осы жұмыстар аясында аудан әкімдігінде Иірсу ауылының даму және құрылыс салу схемасы, яғни шағын елді мекеннің бас жоспарының оңайлатылған нұсқасы бойынша қоғамдық талқылау өтті.

Жиынды Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Қоғамдық талқылауға жергілікті атқарушы орган өкілдері, сәулет және құрылыс саласының мамандары, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері және тұрғындар қатысып, ұсынылған жоба бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Жобаны әзірлеген «Redline pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас сәулетшісі Қ.Ж. Боранбаев жоба материалдарын жан-жақты таныстырып, Иірсу ауылының алдағы даму бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, бас жоспар елді мекеннің қазіргі жағдайы, халық санының өсуі, инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндіктері және болашақтағы қажеттіліктер ескеріле отырып әзірленген. Жоба тапсырыс беруші бекіткен жобалау тапсырмасына сәйкес дайындалған.

Баяндама барысында бас жоспардың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аумақтарды кезең-кезеңімен игеру, әлеуметтік және мәдени мақсаттағы нысандардың орналасуын айқындау, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті жер телімдерін қарастыру, сондай-ақ халықтың демалысына арналған саябақтар, скверлер, бульварлар мен өзге де жасыл аймақтарды көбейту мәселелері қамтылған.

Сонымен бірге жобада инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше назар аударылған. Болашақта сумен жабдықтау, электр желілері, байланыс жүйелері және өзге де инженерлік коммуникацияларды дамытуға мүмкіндік беретін шешімдер қарастырылған. Бұдан бөлек, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, көшелердің желісін дамыту, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және жаңа көшелердің орналасуын жоспарлау бойынша да нақты ұсыныстар енгізілген.

Жоба авторлары қоршаған ортаны қорғау мәселесінің де назардан тыс қалмағанын атап өтті. Бас жоспарды әзірлеу барысында санитарлық-гигиеналық, экологиялық және сәулет-құрылыс талаптары толық ескерілген. Осыған сәйкес табиғи ресурстарды сақтау, экологиялық тепе-теңдікті бұзбау, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және табиғи экожүйелердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар әзірленген. Сонымен қатар жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту мен экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері де құжаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылған.

Қоғамдық талқылау барысында қатысушылар ұсынылған жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Түлкібас кентінің әкімі Е. Айтымбетов жол бойында орналасқан егістік жерлердің бір бөлігін болашақта елді мекеннің даму аумағына қосу жөнінде ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бұл тұрғын үй құрылысы мен ауылдың кеңеюіне қосымша мүмкіндік беруі мүмкін.

Алайда жоба әзірлеушілері бұл ұсыныстың қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін еместігін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, ұсынылған жер телімдері 1991 жылы анықталған сібір жарасы қорымының санитарлық қорғау аймағында орналасқан. Қолданыстағы санитарлық нормативтерге сәйкес мұндай аумақтарда тұрғын үй немесе басқа да құрылыс нысандарын орналастыруға тыйым салынған. Сондықтан аталған жерлерді елді мекеннің шекарасына енгізу заң талаптарына қайшы келеді.

Жиын барысында Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің мүшесі Н.Байғабаев та сөз алып, бас жоспар бойынша елді мекен шегіне жаңадан қосылатын аумақта қандай нысандар салынатыны жөнінде сауал қойды.

Жоба авторларының мәліметінше, ұсынылған жоба аясында Иірсу ауылының аумағына шамамен 108 гектар жер қосылады. Сонымен қатар Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша ауыл аумағындағы 208 гектар жерге арналған арнайы рекреациялық аймақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр.

Жиын соңында мұндай қоғамдық талқылаулардың елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Ашық пікір алмасу арқылы тұрғындардың ұсыныстарын ескеру, құрылыс пен аумақты дамыту мәселелерін заңнама талаптарына сәйкес жоспарлау және болашақтағы инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін арттыру – бас жоспарды әзірлеудегі негізгі мақсаттардың бірі екені айтылды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close