Без рубрики

МЕКТЕПТЕРДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖЕКЕ ПӘНГЕ ЕНЕДІ

Қазақстан мектептерінде бірқатар пәндердің атауы мен оқу мазмұны жаңартылады. Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, жасанды интеллект бағытындағы білім беруді күшейтетінін мәлімдеді.

Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауат» пәні енді «Цифрлық сауат және жасанды интеллект» деп аталады. Ал 5–11-сыныптарда оқытылатын «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіледі.

Жаңа мазмұн аясында бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектінің негізгі ұғымдарымен танысып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау ережелерін меңгереді.

5–9-сынып оқушылары жасанды интеллектіге тиімді сұраныс (prompt) құруды, оның жауаптарын сыни тұрғыдан бағалауды, академиялық адалдық қағидаларын сақтауды және интернеттегі қауіпсіздік негіздерін үйренеді.

Ал жоғары сыныптарда білім алушылар машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы негізгі теориялық және практикалық білімді игереді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл өзгерістер оқушыларды заманауи технологиялармен жұмыс істеуге және болашақтың еңбек нарығына бейімдеуге мүмкіндік береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close