МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚ-КОРЕЙ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея Республикасының іскерлік орта өкілдері қатысқан қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі.

Президент жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және достыққа негізделген берік қарым-қатынас қалыптасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл серіктестіктің нығаюына белсенді саяси диалог пен екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуға деген ортақ ұстаным ықпал етіп отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Корея Республикасының Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ елімізде жұмыс істеп жатқан корей компанияларының қызметіне жоғары баға берді.
«Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін», – деді Президент.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі көрсеткіштері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, үкіметтер мен бизнес өкілдері күш-жігерін біріктірген жағдайда бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысының айтуынша, Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 12 миллиард доллардан асты. Бүгінде елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді ірі компанияларды қоса алғанда, корей капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге және қалыптасқан достық пен серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Президент қазақ-корей дөңгелек үстелі екі елдің іскерлік ортасы арасындағы тікелей байланысты кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобалар мен өзара тиімді серіктестікке жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, Кореяға жасалып отырған сапар бұған дейінгі ынтымақтастық нәтижелерін қорытындылап қана қоймай, екіжақты ықпалдастыққа жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.



