ӨҢІРЛІК ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ: ТӨЛЕБИ ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚ АУДАНДАРЫ ДОСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қатынастар бүгінде өңірлік деңгейде жаңа серпінмен дамып келеді.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған ресми және іскерлік делегацияның Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапарын атап өтуге болады. Бұл сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мемлекетаралық байланыстарды өңіраралық деңгейде одан әрі нығайту, экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету және өзара тиімді жаңа жобаларға жол ашу. Жұмыс сапарының ең басты оқиғасы ретінде Төлеби ауданы мен Ташкент облысының Бостандық ауданы арасындағы достық қарым-қатынастар мен өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ресми меморандумға қол қойылуын айтуға болады.
Салтанатты шараға Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, туризм мен мәдениет саласына жауапты Ташкент облысы әкімінің орынбасары Жамшид Бабажанов және Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жамшид Шукуров қатысып, екі жақты байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтерудің алғышарттарын бекітті.
Кездесу барысында тараптар шекаралас аймақтардың әлеуетін толық пайдалану, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, туристік әлеуетті бірлесіп іске асыру, мәдени байланыстарды нығайту және экономикалық әріптестікті кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Қол қойылған аталған құжат екі өңір арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға, өзара тиімді әріптестікті дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды. Меморандум тараптардың халықаралық құқық нормаларына сай тең құқықтылық, өзара құрмет, өзара тиімділік және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген ынтымақтастығын көздейді.
Құжат аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға және сыртқы сауда үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылған. Бұл ретте екі аймақтың іскер топтары арасында тікелей байланыс орнату, бірлескен кәсіпорындар ашу және инвестиция тарту шаралары жаңа серпін алады деп күтілуде. Сонымен қатар, тараптар ауыл шаруашылығы, трансшекаралық, тау және экологиялық туризм, медицина мен денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді жоспарлап отыр. Әсіресе, табиғаты мен таулы ландшафты ұқсас Төлеби мен Бостандық аудандарының туристік нысандары мен шипажайлары арасында тәжірибе алмасу, ортақ туристік маршруттар қалыптастыру ісіне басымдық берілмек.
Меморандумға сәйкес, бірлескен бастамаларды қағаз жүзінде қалдырмай, тиімді іске асыру және тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қою мақсатында тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша жауапты үйлестірушілерді белгілеп, тұрақты байланыс тетігін қалыптастырады. Бұл қадам жұмыстардың жедел әрі бюрократиялық кедергілерсіз атқарылуын қамтамасыз етпек. Аталған құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қатынастарды өңірлік деңгейде нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Алдағы уақытта тараптар ішкі мемлекеттік рәсімдер толық аяқталғаннан кейін, екіжақты достық қатынастарды заңдық тұрғыдан ресми түрде бекітетін кең ауқымды келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Төлеби және Бостандық аудандары арасындағы бұл бастама екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен қозғаушы күш болып, бауырлас халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға ұзақ мерзімді негізде қызмет етеді.



