Без рубрики

ПРЕЗИДЕНТ: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай халыққа үндеу жасап, бұл күнді ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы деп атады.

Президент Жаңа Конституцияның қабылдануы тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша тарихи маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі кезеңде ел ауқымды саяси-экономикалық реформалар жолына түсіп, мемлекеттік басқару жүйесі мен азаматтық қоғам институттары түбегейлі жаңғырады.

Мемлекет басшысы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар ел тағдыры үшін маңызды таңдау жасағанын айтты. Халықтың жоғары жауапкершілік пен берекелі бірлік танытқанын атап өткен Президент бұл тарихи шешім ұлттық шежіреде алтын әріппен жазылатынын жеткізді.

Сондай-ақ Конституция күні бұдан былай «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетіні белгілі болды. Президент мұның символдық мәні зор екенін айтып, бұл қадам көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен ұштастыратынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл бастама қоғамдағы ынтымақ, білімге ұмтылу және адал еңбек құндылықтарын дәріптеуге негіз болады.

Үндеу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция елдің болашағына берік құқықтық негіз қалайтынын айтты. Сонымен қатар қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Өрлеу, Тазалық және табиғатты аялау секілді жасампаз құндылықтарды орнықтыру басты міндеттердің бірі екеніне тоқталды.

Президент Қазақстанның бірлігі бекем, барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін әрі жан-жақты дамуға жол ашатын Әділетті мемлекет ретінде дамитынына сенім білдірді.

– Біз біртұтас ұлт ретінде Әділетті Қазақстанды құрамыз. Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы барлық жоспарымыз жүзеге асады. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Үндеу соңында Президент елдің өсіп-өркендеуіне тілектестік білдіріп, «Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» деп сөзін түйіндеді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close