ШЫМКЕНТТЕ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАР ТОБЫНЫҢ ӘРЕКЕТІ ӘШКЕРЕЛЕНДІ
Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы күрес жүргізіп жатқан полицейлер интернет арқылы азаматтарды алдаумен айналысқан ұйымдасқан топтың жолын кесті.

Тергеу барысында күдіктілердің WhatsApp мессенджері арқылы тұрғындардың сеніміне кіргені анықталды. Олар өздерін жәбірленушілердің туысы, досы немесе жақын танысы ретінде таныстырып, түрлі себептерді алға тартып, шұғыл түрде ақша жіберуді сұраған. Алаяқтардың сөзіне сенген азаматтар көрсетілген банк шоттарына ірі көлемде қаржы аударып отырған.
Осындай жағдайлардың бірінде жергілікті тұрғын досының атынан келген хабарламаға күмән келтірмей, қаржылай көмек көрсету үшін 3,5 миллион теңге аударған. Кейіннен оның алаяқтардың құрбаны болғаны белгілі болған.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары алты күдіктіні қолға түсірді. Күдіктілер уақытша жалдап тұрған пәтерді тінту кезінде қылмыстық әрекетте қолданылған 19 SIM-карта, 11 ұялы телефон және планшет тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламаларға сақтықпен қарап, ақша аудармас бұрын ақпараттың анықтығына көз жеткізуге шақырды.



