Без рубрики

ШЫҰ-НЫҢ МАҢЫЗЫ АРТА ТҮСУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиында ол қазіргі халықаралық ахуалға баға беріп, ұйымның әлемдік аренадағы рөліне және өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы кездесу Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өту кезеңімен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Осы орайда Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёевті тарихи датамен құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.

– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының ширек ғасыр ішінде ауқымды халықаралық құрылымға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ШЫҰ бастапқыдағы «Шанхай бестігі» форматынан Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын, адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ұйым деңгейіне дейін өсті.

Президенттің пікірінше, ұйымның басты ерекшелігі – мемлекеттердің әртүрлілігіне қарамастан, ортақ қағидаттарға сүйенуі. Атап айтқанда, ішкі мәселелерге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық ШЫҰ қызметінің негізгі ұстанымдары саналады.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдік жағдайдың айтарлықтай өзгергеніне де назар аударды. Оның айтуынша, халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатқан кезеңде мемлекеттер арасындағы бөліну мен геосаяси бақталастық күшейіп отыр.

– Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент ШЫҰ-ның маңызы арта түсетінін атап өтті. Ұйымның әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет ететініне назар аударып, оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмағанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ШЫҰ-ның негізінде «Шанхай рухы» қағидаты жатыр. Бұл – өзара сенімге, егемендікті құрметтеуге және ортақ даму жолындағы ынтымақтастыққа негізделген ұстаным.

– Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, – деді Мемлекет басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close