СОЗАҚТЫҚ ЖАС ФУТБОЛШЫЛАР ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТТА КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Жас ұрпақты спортқа баулу – дені сау, жігерлі әрі мақсатшыл қоғам қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.

Бүгінде футбол әлем бойынша ең көп көрермен жинайтын және миллиондаған адамның сүйікті спортына айналған ойын түрі ғана емес, жас буынды тәртіпке, жауапкершілікке, шыдамдылыққа және ұжыммен жұмыс істеуге үйрететін үлкен мектеп болып саналады. Сондықтан елімізде балалар футболын дамытуға ерекше назар аударылып, жас таланттардың қабілетін шыңдау үшін түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай байрақты бәсекелерде өздерінің шеберлігін көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып жүрген жас спортшылардың қатарында Созақ ауданының футболшылары да бар.
Отырар ауданында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының чемпионаты жас футболшылардың шеберлігін саралайтын маңызды спорттық дода болды. Облыстың әр ауданынан келген үздік командалар бас қосқан жарыста әрбір ойын тартысқа толы өтіп, қатысушылар жеңіс жолында бар күш-жігерін салды. Осындай жоғары деңгейдегі бәсекеде Созақ ауданының құрама командасы ұйымшыл ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарына лайықты қарсылық таныта білді. Нәтижесінде жас футболшылар жарысты жүлделі ІІ орынмен аяқтап, аудан спортының қоржынына тағы бір маңызды жетістік салды.
Чемпионаттың топтық кезеңіндегі алғашқы кездесуде созақтық футболшылар Сауран ауданының командасымен жасыл алаңға шықты. Ойынның алғашқы минуттарынан бастап команда шабуылға басымдық беріп, допқа бақылау орнатуға тырысты. Жас ойыншылардың бір-бірін жақсы түсінуі, дәл пас алмасуы және тактикалық тұрғыдан сауатты әрекет етуі өз нәтижесін берді. Қорғаныс шебіндегі сенімді ойын мен шабуылдағы белсенділіктің арқасында Созақ құрамасы қарсылас қақпасына екі жауапсыз гол соғып, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл нәтиже команданың жарысты сәтті бастап, келесі кездесулерге жоғары көңіл-күймен шығуына үлкен серпін берді.
Келесі ойында Созақ ауданының жас футболшылары Түркістан қаласының командасымен кездесті. Екі команда да жеңіске ұмтылып, ойын барысында жоғары қарқын көрсетті. Кездесу барысында шабуылдар жиі ұйымдастырылып, қақпашылар бірнеше қауіпті соққыларға тосқауыл қойды. Созақтық ойыншылар қиын сәттерде сабыр сақтап, қарсыластың қысымына төтеп бере білді. Нәтижесінде тартысқа толы матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл кездесу команданың мінезін көрсетіп, олардың кез келген қарсыласпен тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеді.
Топтық кезеңдегі шешуші матч Сайрам ауданының құрамасына қарсы өтті. Бұл ойынның маңызы ерекше болды, себебі келесі кезеңге шығу жолындағы басты бәсекелердің бірі еді. Екі команда да қорғаныста мұқият ойнап, қарсыластың қателігін күтуге тырысты. Дегенмен ойынның шешуші сәтінде созақтық футболшылар өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, қарсылас қақпасына жалғыз әрі жеңіс голын соқты. 1:0 есебіндегі бұл жеңіс команданың мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, оларды чемпионаттың келесі кезеңіне алып шықты.
Жартылай финалдық кездесуде Созақ ауданының құрама командасына Келес ауданының мықты футболшылары қарсы тұрды. Финал жолдамасы сарапқа салынған бұл кездесуде ойыншылар бар шеберліктерін көрсетуге тырысты. Созақтық жас спортшылар алаңда жоғары қарқын ұстап, шабуылда да, қорғаныста да үйлесімді ойын көрсетті. Нәтижесінде қарсылас қақпасына үш мәрте дәл соққы жасап, 3:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл жеңіс команданың чемпионаттағы ең жарқын ойындарының біріне айналып, олардың финалға деген лайықты жолын айқындады.
Финалдық кездесуде Созақ ауданының командасы Қазығұрт ауданының футболшыларымен чемпиондық атақты сарапқа салды. Жарыстың шешуші ойынына айналған бұл матч ерекше тартыс пен жоғары жауапкершілік жағдайында өтті. Екі команда да қорғаныста жинақы ойнап, шабуылда қауіпті сәттер ұйымдастырды. Негізгі ойын уақытында жеңімпаз анықталмай, есеп тең аяқталды. Сондықтан чемпион тағдыры футболдағы ең толқынысты сәттердің бірі саналатын пенальти сериясында шешілді. Өкінішке қарай, пенальтиде қарсылас команда сәттілік танытып, жеңіске жетті. Ал созақтық жас футболшылар күміс жүлдеге қол жеткізді.
Алайда бұл нәтиже ешқандай жағдайда жеңіліс ретінде бағаланбайды. Керісінше, облыстың үздік командалары қатысқан чемпионатта финалға дейін жету – үлкен дайындықтың, табанды еңбектің және спортшылардың жеңіске деген ұмтылысының айқын көрінісі. Жас футболшылар әрбір кездесуде ұйымшылдықтарын, техникалық дайындығын, тактикалық сауаттылығын және қайсар мінездерін көрсете алды. Олар болашақта бұдан да ірі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуге қабілетті екендерін дәлелдеді.



