ТАЗАЛЫҚ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғындары тазалыққа ерекше мән береді. Олар таза ортада өмір сүру адамның денсаулығына ғана емес, жан дүниесіне де жылулық сыйлайтынын айтады.

Сонымен қатар, тазалық мәдениетін қалыптастыру – өсіп келе жатқан ұрпаққа берілетін ең жақсы тәрбиенің бірі. Сондықтан аудан тұрғындары қоршаған ортаны таза ұстауды әр азаматтың ортақ міндеті деп біледі.
Аймақты таза ұстау жұмыстарына аудан тұрғындарымен қатар, ауылдық округтер де атсалысып тұрады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік өкілдері де тазалық жұмыстарына белсенді түрде қатысып келеді. Соның бір дәлелі – әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктер. Бұл игі бастама аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етуде.
Жуырда осындай ауқымды тазалық жұмыстары Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылындағы саябақ аумағында өтті. Сенбілікке аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының бастамасымен 230 тұрғын қатысып, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары барысында саябақтағы жарық шамдары мен орындықтар сырланып, абаттандырылды. Сонымен қатар, 60 сотық жердің арамшөптері орылып, аумақ толықтай ретке келтірілді. Нәтижесінде 1 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылды.
Айта кету керек, мұндай игі шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылуда. Аталған акцияға мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлік субъектілері де белсенді қатысып тұрады. Солардың бірі – «BAVI» мекемесі. Бұл кәсіпкерлік нысан тазалық акциясына қолдау білдіріп, демеушілік жасап, сенбілікке қатысушыларға өз өнімдерін ұсынды. Мұндай қолдау қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің күн санап артып келе жатқанын көрсетеді.
Тазалық жұмыстары тек бір ауылдық округтің аумағымен ғана шектелген жоқ. Ауданға қарасты өзге де ауылдық округтерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, аудан бойынша өткен сенбілікке 2754 тұрғын қатысып, 23 арнайы техника жұмылдырылды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлескен еңбектің нәтижесінде аудан бойынша 134 шақырым көше мен ұзындығы 23 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы тазартылды. Бұдан бөлек, 8 шақырым өзен-көлдер мен канал жағалаулары қоқыстан тазартылып, санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.
Сондай-ақ саябақтар мен скверлер ретке келтіріліп, 18 балалар және спорт алаңшасы абаттандырылды. Сенбілік қорытындысы бойынша 35 тонна қоқыс арнайы полигонға шығарылып, аудан мен ауылдық округтердің аумақтары тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды.
Таза әрі көрікті аудан – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Аудан тұрғындарының айтуынша, қоршаған ортаны таза ұстау – бір күндік науқан емес, әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Сондықтан аудан аумағында тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тауып, тұрғындардың белсенді қатысуымен тұрақты түрде жүзеге асырыла бермек. Осындай игі бастамалардың арқасында Сайрам ауданының тазалығы сақталып қана қоймай, өңірдің экологиялық ахуалы жақсарып, тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті өмір сүру ортасы қалыптаса түседі.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары мұндай сенбіліктердің қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамның бірлігін нығайтуға да ықпал ететінін айтады. Ортақ іске жұмылған жұрт туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып, кейінгі ұрпаққа өнегелі іс қалдыруды басты міндеттердің бірі деп есептейді. Тазалық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау және қоғамдық орындарды күтіп ұстау – әрбір азаматтың азаматтық борышы. Сондықтан аудан көлемінде қолға алынған мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, тұрғындардың белсенді қатысуымен тұрақты түрде ұйымдастырыла бермек. Бұл жұмыстар ауданның көркеюіне ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыруға да оң әсерін тигізеді.



