ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН МӘСКЕУДЕ КЕЗДЕСІП, ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы ресми қабылдау көрсетіп, қонақжайлылық танытқан Ресей президентіне алғыс айтып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Президент өз сөзінде 9 мамырдың посткеңестік кеңістіктегі халықтар үшін айрықша маңызға ие тарихи күн екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мереке – тек қуаныш күні ғана емес, сонымен бірге миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғыстың зардабын еске түсіретін тағзым күні. Мемлекет басшысы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету Қазақстан үшін маңызды құндылықтардың бірі екенін жеткізді.
– Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізбен Мәскеуде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл «көзіміз жасқа толып» қарсы алатын мереке. Өйткені адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста опат болған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Кеңес өкіметі Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан алпауыт ел болып шықты. Біріккен Ұлттар ұйымын құрушылардың біріне айналды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлерімізді ардақ тұтамыз. Қазақстанда соғысқа қатысқан көзі тірі 57 майдангер қалды, – деді Президент.
Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстар да кеңінен талқыланды. Тараптар сауда-экономикалық серіктестіктің қазіргі жағдайына тоқталып, бірлескен жобалардың жүзеге асу барысын сөз етті. Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келе жатқанын айтып, биыл бұл көрсеткіш 30 миллиард доллардан асуы мүмкін екенін жеткізді.
Сонымен қатар туризм саласындағы көрсеткіштер де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қазақстанға келетін шетелдік туристер арасында Ресей азаматтарының саны бірінші орында тұрғанын атап өтті. Бұл екі ел арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстың да жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетеді.



