ТҮЛКІБАСТА ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ҚАЖЕТТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Еңбек нарығындағы өзгерістер бүгінгі таңда кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, өндірістің жаңаруы мен жаңа кәсіптердің пайда болуы жұмыс берушілерге заман талабына сай білім мен тәжірибесі бар мамандарды қажет етеді. Сондықтан сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау – елдің экономикалық дамуы мен еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.Осы мақсатта Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінде «Жаңа қадам – жаңа талпыныс» атты «Ашық есік» күні өтті. Аудан әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының өкілдері, аудан әкімі Асқар Естібаев, мекеме басшылары, кәсіпкерлер және өзге де қонақтар қатысты.Кездесу барысында колледж бен өндіріс орындары арасындағы өзара байланысты күшейту, жастарды еңбек нарығына бейімдеу, қажетті мамандарды даярлау және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелері кеңінен сөз болды.Жиынды ашқан аудан әкімі Асқар Естібаев Мемлекет басшысының кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру және жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер оқу орындары мен жұмыс берушілердің байланысын нығайтып қана қоймай, ауданға инвестиция салып жатқан жаңа өндіріс орындарын қажетті мамандармен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.Аудан басшысы өңірдегі инвестициялық жобалардың қарқынына да тоқталды. Оның мәліметінше, өткен жылы жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 46 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылып, нәтижесінде 542 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл құны 77,6 миллиард теңге болатын 32 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар толық іске қосылғанда тағы 1222 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы халықты жұмыспен қамтуға ғана емес, өндіріс орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге де жол ашады. Сондықтан білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті күшейту – уақыт талабынан туындаған қажеттілік.Іс-шара аясында колледж студенттері мен оқытушылары арнайы көрме ұйымдастырып, оқу орнында дайындалатын мамандықтар туралы жан-жақты мәлімет берді. Қонақтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап, студенттердің тәжірибелік жұмыстарымен танысты.Сонымен қатар колледж мен аудан аумағындағы мекемелер, кәсіпорындар және кәсіпкерлер арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіби машықтарын жетілдіруге және болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.Кәсіптік білімнің дамуына қолдау көрсетіп, жастардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып жүрген кәсіпорындар мен мекеме басшыларына арнайы алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай серіктестіктің алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.Кездесу соңында түрлі мамандық иелерінің шеруі ұйымдастырылып, қатысушыларға еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызын насихаттайтын мазмұнды бағдарлама ұсынылды.Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі – өңірдегі кәсіптік білімнің қара шаңырақтарының бірі. Тарихы 1963 жылдан басталатын оқу орны осы уақытқа дейін мыңдаған білікті маманды даярлап шығарды. Бүгінде оның түлектері еліміздің әр өңірінде түрлі салаларда еңбек етіп, экономиканың дамуына өз үлестерін қосып келеді.Қазіргі таңда колледжде 500-ге жуық студент білім алады. Мұнда автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, электр жабдықтары, бағдарламалық қамтамасыз ету, тағам өндірісінің технологиясы, қонақ үй бизнесі, туризм, ветеринария, тігін өндірісі, тасымалдауды ұйымдастыру және гидротехникалық мелиорация сияқты еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлануда.Бүгінде жұмыс берушілердің талабына сай маман қалыптастыру – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Сондықтан өндіріс пен оқу орындарының өзара байланысын күшейтіп, тәжірибеге негізделген оқытуды дамыту, жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау алдағы уақытта да негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек.



