Без рубрики

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ VI МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Түркістан музыкалық драма театры өзінің VI театр маусымының шымылдығын түрді. Жаңа маусым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «МузАРТ» музыкалық-драмалық қойылымымен ашылды.

«МузАРТ» – қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халықтың зор сүйіспеншілігіне ие болған аңызға айналған топтың шығармашылық жолы мен қалыптасу тарихын арқау еткен спектакль. Қойылым арқылы қазақ эстрадасының бір кезеңі сахналық тілмен өрнектеліп, өнер жолындағы ізденіс пен шығармашылық тағдыр көрерменге әсерлі жеткізіледі.

Түркістан музыкалық драма театры аз уақыт ішінде төл өнердің өрісін кеңейтіп, өзіндік шығармашылық бағыт-бағдарын қалыптастыра білді. Театр сахналаған «МузАРТ», «Келіндер көтерілісі» секілді қойылымдар Түркістан көрерменінің ғана емес, Астана, Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларындағы театрсүйер қауымның да ықыласына бөленіп, аншлагпен өтті.

Театр ұжымы халықаралық мәдени кеңістікте де белсенді өнер көрсетіп келеді. Өткен тамыз айында шығармашылық топ Грузияда Абайдың «Қара сөздері» негізінде қойылған «Абай. Қарасөз» пластикалық спектаклін сахналады. Ал Мәскеуде өткен халықаралық өнер фестивалінде театр актерлері үздіктер қатарынан көрініп, бірнеше жүлдемен оралды.

Мұндай шығармашылық сапарлар ұлттық өнерді шетелдік көрерменге танытып қана қоймай, елдер мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, достық пен шығармашылық қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді. Осы бағытта Түркістан музыкалық драма театры алдағы уақытта халықаралық әріптестікті кеңейтіп, жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Театр ашылған күннен бері көрермен назарына 17 спектакль ұсынылды. Олардың қатарында көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген «Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Мағжан», «Келіндер көтерілісі», «Вальс королі», «Бекзат», «Пейіш» және өзге де мазмұнды қойылымдар бар.

Жаңа, VI маусымда да театр ұжымы көрерменге тың шығармашылық жобалар мен жаңа қойылымдар ұсынбақ. Алдағы айда театрсүйер қауым кезекті спектакльдің премьерасын тамашалап, өнер ұжымының жаңа туындысымен қауышады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close