Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША ЕЛДЕ ЕКІНШІ ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

Түркістан облысында 2025 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қорытындыланып, өңірдің республика көлеміндегі орны айқындалды.

Облыс әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалардың жұмыс тиімділігі, жоспарланған индикаторлардың орындалу барысы және алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды. Мәжіліс өңірдің экономикалық әлеуетін бағалау ғана емес, басқару жүйесіндегі кемшіліктерді ашық көрсетіп, нақты тапсырмалар жүктеу алаңына айналды.

Алқа отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, тоғыз айлық қорытынды бойынша бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы облыс экономикасында оң динамика сақталғанын атап өтіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8 пайызды құрағанын жеткізді. Бұл көрсеткіш Түркістан облысына республика бойынша екінші орынға шығуға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді кемінде 7 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасы Үкімет бекіткен межелер аясында толық орындалған.

Экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштер де аймақтың даму қарқынын айқын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 855,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 101,5 пайызды құрады. Бұл – Түркістан облысының аграрлық әлеуеті мен еңбек өнімділігінің артып келе жатқанын білдіреді. Өнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады. Өндірілген өнім көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан. Құрылыс саласы өңір экономикасының драйверіне айналып, орындалған жұмыстар көлемі 412 млрд теңгеге жетіп, өсім 25,5 пайызды құрады. Сонымен қатар сауда, байланыс және қызмет көрсету салаларында да тұрақты өсім бар.

Дегенмен, алқа мәжілісінде жетістіктермен қатар, өзекті мәселелер де ашық айтылды. Нұралхан Көшеров кейбір аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың өздеріне жүктелген индикаторларды толық орындай алмағанын сынға алды. Аймақ басшысы бұл жағдайдың өңірдің жалпы дамуына кері әсер ететінін атап өтіп, формалды есеп пен уәде емес, нақты шешімдер мен бастамалар қажет екенін қадап айтты. Жыл қорытындысы бойынша рейтингте соңғы орындарда қалған әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы жеке сараланып, тиісті басқарушылық шешімдер қабылданатыны ескертілді.

Алқа отырысында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков тоғыз айлық қорытынды бойынша егжей-тегжейлі талдау жасады. Оның айтуынша, аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың қызметін бағалау үшін 9 блокқа біріктірілген 97 индикатор айқындалған. Облыстық басқармалардың ұсынысы негізінде қосымша 8 индикатор енгізіліп, жалпы жоспарланған көрсеткіштер саны 87-ні құраған. Бұл жүйе өңірлік басқарудың тиімділігін нақты өлшеуге мүмкіндік беріп отыр.

Индикаторлар талдауының нәтижесінде аудан және қала әкімдерінің рейтингі жасалды. Қорытынды бойынша көшбасшылар қатарынан Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы көрінді. Бұл аумақтар жоспарлы көрсеткіштердің басым бөлігін орындап, әлеуметтік-экономикалық даму бойынша тұрақты нәтиже көрсеткен. Ал аутсайдерлер қатарында Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары тұр. Бұл өңірлерде бірқатар индикаторлардың орындалмауы жалпы рейтингке кері әсер еткен.

Сонымен бірге алты айлық көрсеткіштермен салыстырғанда оң өзгеріс көрсеткен аудандар да бар. Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандары өз нәтижелерін айтарлықтай жақсартып, басқару шешімдерінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл – дұрыс жоспарлау мен нақты бақылаудың нәтижесі екені сөзсіз.

Салалық басқармалар арасында да тиімді жұмысымен ерекшеленген құрылымдар анықталды. Ветеринария басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы оң динамика көрсетіп, жоспарланған индикаторларды орындауда алдыңғы қатардан көрінді. Бұл басқармалардағы жүйелі жұмыс өңір экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал етіп отыр.

Жалпы алғанда, тоғыз айдың қорытындысы Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жоғары екенін, өңірдің республикадағы жетекші аймақтардың біріне айналып келе жатқанын айқын көрсетті. Алайда қол жеткізілген нәтижелермен шектелмей, артта қалған бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау, басқару сапасын арттыру – алдағы кезеңнің басты міндеті. Өңір басшылығының қатаң талаптары мен нақты тапсырмалары осы мақсатқа бағытталған.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы алдағы уақытта да тұрақты өсімге негізделіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және өңірдің стратегиялық рөлін нығайтуға қызмет етпек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close