Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті кездесу өткізді.

Кездесуге Қытайдың ірі компанияларының өкілдері қатысып, оларға өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Форум аясындағы бұл шара өңірге жаңа өндіріс орындарын ашу, экономикалық өсімді жеделдету және халықаралық әріптестікті нығайту бағытындағы нақты қадам ретінде маңызды орын алады.

Кездесуде әкім инвесторларға Түркістан облысының стратегиялық артықшылықтарын, инфрақұрылымдық дамуын және бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Ол облыстың транзиттік әлеуетін ерекше атап, өңірдің Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны жалғайтын халықаралық тасымал дәліздерінің қиылысында орналасқанын, бұл кез келген инвестициялық жобаның үлкен нарыққа шығу мүмкіндігін арттыратынын жеткізді. «Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында біз өндіріс саласына шетел компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Облыста индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар бар. Өндірісті дамытып, жаңа зауыттар ашуға толық қолдау көрсетіледі», – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар өз тарапынан күн және су электр станцияларын салу, көлік-логистикалық сала, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және туризм бағыттары бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, дайын жобалар болса, қаржылық салым жасауға дайын компаниялар да бар екендігі айтылды. Бұл өз кезегінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашуға, технологиялық трансферті енгізуге және аймақ экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Кездесуде облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты туындаған мәселелер де қаралып, инфрақұрылымдық түйткілдерді шешуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейтуге ерекше басымдық берілген. 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалардың толық іске асуы 23 915 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Биыл 58 инвестициялық жобаны қолға алу арқылы 8 250 тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 34 жобаның іске қосылуы нәтижесінде 4 889 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 10 айдың қорытындысы бойынша облысқа 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. 2025 жылға бекітілген тікелей шетелдік инвестициялар көлемі индикаторы – 475 млн АҚШ доллары, ал II тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған.

Кездесулердің маңызды нәтижесі – шетелдік инвесторлардың өндіріс саласындағы ынтымақтастығына деген сенімі мен қызығушылығы артқаны. Бұл Түркістан облысының экономикалық тұрақтылығын, инвестициялық тартымдылығын және халықаралық серіктестермен қарым-қатынасты одан әрі күшейтеді. Форум шеңберінде белгіленген бағыттар бойынша нақты іс-шаралар мен жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған. Бұл жұмыстар өндірістік әлеуетті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспортты ұлғайту және өңірдің технологиялық даму деңгейін көтеруге бағытталған.

Сонымен қатар, өңірде индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда дайын инфрақұрылым мен салықтық жеңілдіктер ұсынылады, бұл инвесторларға өндірісін тез және тиімді іске қосуға мүмкіндік береді. Шағын өнеркәсіптік парктер желісін дамыту арқылы жаңа жобаларды жедел бастауға жағдай жасалған. Бұл стратегиялық шешімдер облыстың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрақты экономикалық өсімге және өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Осылайша, «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы Түркістан облысы үшін тек инвестициялық алаң ғана емес, сонымен қатар өндірістік секторды дамытуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға арналған стратегиялық платформа болды. Кездесулердің нәтижесінде белгіленген бағыттар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, шетелдік капиталды тартуға және өңірдің халықаралық инвестициялық рейтингін арттыруға нақты үлес қосады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close