ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ НЕКЕДЕН КЕЙІНГІ ЖАНЖАЛ: ЖАҢАҚҰЛОВА СОТҚА ЖҮГІНДІ
Бес баланың анасы Жанна Маратқызы Жаңақұлова қоғам мен сот жүйесінің өкілдерінен араша сұрап отыр. Ол 20 жыл бірге отасқан бұрынғы жұбайы белгілі кәсіпкер Жұмабек Еселбекұлы Жаңақұловпен соттасып жатқанын мәлімдеді.

Айтуынша, отбасының іргесінің сөгілуіне ер адамның өзге әйелдермен байланысы мен бірнеше тоқал алуы себеп болған. Заңды некеде дүниеге келген бес баланы тәрбиелеп отырған ана бүгінде неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінген.
Қазіргі таңда Алматы қаласының ювеналды сотында бұл іс бойынша ірі процесс жүріп жатыр. Жанна Маратқызының сөзінше, жиырма жылдық отбасылық өмірде мүлік бөлу немесе қандай да бір келісімшарт жасау мәселесі мүлде көтерілмеген. Алайда күйеуі ажырасуға шешім қабылдап, өмірінде басқа әйел пайда болғаннан кейін ғана дүние-мүлік пен қаржыға қатысты мәселелер туындаған.
24 маусым күні өткен кезекті сот отырысында талапкер тарап бірнеше маңызды өтініш білдірген. Олардың қатарында жауапкердің табысына қатысты құжаттарды іске тіркеу мәселесі де болған. Алайда, адвокаттардың айтуынша, судья бұл өтініштердің ешқайсысын қанағаттандырмаған.
Талапкер тарапы ұсынған мәліметке сәйкес, салық органдарынан алынған ресми жауапта «Қаражал Оперейтинг» компаниясының соңғы үш жылдағы табысы 20 миллиард теңгеден асқаны көрсетілген. Сонымен қатар Жұмабек Жаңақұловтың дәл осындай тағы 18 кәсіпорынға иелік ететіні айтылды.
Жанна Маратқызы бұрынғы жұбайының әкімшілік әрі материалдық ықпалы жоғары екенін айтып, істің әділ қаралуына алаңдайтынын жеткізді.
«Ол байлығын сақтап қалу үшін кез келген қадамға баруы мүмкін», – дейді бес баланың анасы.
Қазіргі уақытта талапкер тарап сот процесінің ашық әрі объективті өтуін талап етіп отыр.



