Без рубрики

«ЖОЛАУШЫЛАР ЖЫЛАП, ДҰҒА ОҚЫДЫ»: SCAT ҰШАҒЫ НАЙЗАҒАЙ САЛДАРЫНАН ТАРАЗҒА ШҰҒЫЛ ҚОНДЫ

Алматыдан Шымкентке бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы қатты дауыл мен найзағайға тап болып, Тараз қаласына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Оқиғадан кейін жолаушылардың жартысына жуығы рейсті жалғастырудан бас тартқан.

Жолаушылардың айтуынша, мәселе ұшақ көкке көтерілмей тұрып басталған. Рейс бір сағаттан астам уақытқа кешігіп, жоспарланған 22:50 орнына түнгі 00:00 шамасында ұшып шыққан.

Алайда ең қауіпті сәт Шымкентке қонуға шамамен 15 минут қалғанда болған. Ұшақ күшті найзағайлы бұлттардың арасына тап болып, қатты турбулентті аймаққа кірген.

— Терезеден найзағай жарқылдап тұрды. Ұшақ қатты шайқалып, кенет төмендей бастады. Біз жерге жақын қалғандықтан, адамдар қатты қорықты. Салонда жылағандар болды, жолаушылар дұға оқыды. Бортсеріктер жұртты сабырға шақырып, үрейленбеуді сұрады, — дейді жолаушылардың бірі.

Кейін экипаж қосалқы әуежай ретінде Таразға қону туралы шешім қабылдаған. Алайда жолаушылардың сөзінше, бұл туралы алдын ала ескерту жасалмаған. Өзге қалаға қонғандарын адамдар тек ұшақ жерге түскеннен кейін, түнгі сағат екілер шамасында бір-ақ білген.

SCAT әуе компаниясы жағдайды Шымкенттегі ауа райының күрт нашарлауымен түсіндірді.

— Қону кезінде желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай мен нөсер басталды. Сондай-ақ жел ығысу қаупі байқалды. Осыған байланысты экипаж Тараздағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Ұшақ Таразда шамамен бір жарым сағат тұрған. Кейін әуе компаниясы Шымкентке қайта ұшуды ұйымдастырған. Алайда бастан өткен қорқыныштан кейін жолаушылардың біразы бортқа қайта мінуден үзілді-кесілді бас тартқан.

Қалған жолаушылар Шымкентке штаттық режимде жеткізілді.

Айта кетейік, осыған дейін мамыр айының басында Air Astana ұшағының шұғыл қонуы да авиация саласындағы елеулі оқиға ретінде бағаланған еді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close