ЖОЛДАҒЫ ЖАНЖАЛ АДАМ ҰРЛАУМЕН АЯҚТАЛДЫ
Жолдағы болмашы жанжал ауыр қылмысқа ұласты. Бір топ азаматтың ер адамды күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы ақпарат полицияға жедел жеткен.

Оқиға туралы хабарлама Жедел басқару орталығының «102» арнасына келіп түскен. Хабарламада бірнеше ер адамның бейтаныс азаматты күш қолданып автокөлікке отырғызып, алып кеткені айтылған.
Қылмыстың жасалу сәті оқиға маңынан өтіп бара жатқан автокөліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған. Кейін бұл бейнежазба тергеу барысында негізгі айғақтардың біріне айналып, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектескен.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал жол қозғалысы кезінде басталған. Жәбірленуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатып, жүргізушіге жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ескерту жасаған. Осыдан кейін олардың арасында сөзге келіспеушілік туындаған.
Тергеу дерегінше, күдіктілер кейін жәбірленушінің тұрғылықты жерінің маңына барып, оны аңдыған. Азамат таксиге отырып жолға шыққан сәтте, олар «Lexus» маркалы автокөлігімен таксидің жолын бөгеп тоқтатқан. Одан кейін жәбірленушіні күштеп көліктен шығарып, жүк салғышқа салып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша адам ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, процессуалдық шешім қабылдайтын болады.



