Қоғам

ҚАЗАҚСТАНДА МАМАНДЫҚТАР «ЕРЛЕРДІКІ» ЖӘНЕ «ӘЙЕЛДЕРДІКІ» БОЛЫП БӨЛІНЕ МЕ?

Сауалнамаға қатысушылардың 45,8 % мамандықтарды жыныстық белгі бойынша бөлмейді, 9 % еңбектің гендерлік бөлінісінің мүмкін екендігін білмейді, ал 39,6 % мамандықтардың жыныстық белгі бойынша бөлінісін мойындайды.

Орал қаласы тұрғындарының 47,2 % мамандықтар ерлердікі және әйелдердікі деп бөлінеді деп санайды. Мұны көбінесе ер адамдар жұмыс істейтін ауыр өнеркәсіптің бар екендігімен түсіндіруге болады. Қарағанды тұрғындарының көпшілігі (49,5 %) мамандықтардың ерлердікі және әйелдердікі деген бөлінісінің бар екендігін алға тартады. Сауалнамаға қатысқан ер адамдардың басым бөлігі (51,4 %) ондай қиыншылықтарға ешқашан тап  болмағандықтан,       Қазақстанда мамандықтардың гендерлік белгісі жоқ деп есептейді. Қазақстанда мамандықтардың ерлердікі мен әйелдердікі деп бөлінуін жоққа шығаратын әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғары (42,7 %). Бұл жайт әйелдер үшін қызметтің бірқатар саласында «әйнек төбе» әсерінің бар екендігі туралы біздің жорамалымызды да жоққа шығарады. Бірақ   ол   сонымен қатар әйелдер аталмыш проблемаға ден қойып, саралаған да жоқ деп болжауға да негіз болады. Жас санаты бойынша 18 — 30 жас аралығындағы топ негізінен (43,8 %) ер және әйел мамандықтардың бар екендігін атап көрсетеді. Маманды еңбекпен айналыспағандықтан болу керек, 60 және одан жоғары жастағы топ (56,9 %) Қазақстанда мамандықтар гендерлік белгіге қарай бөлінбейді деген пікірді қолдайды. Респонденттердің көпшілігі (жоғары білімділер — 44,7 %, орта білімділер — 47,5 %) білім деңгейінен тыс мамандықтардың «ер» мен «әйелге» бөлінбейтіндігін алға тартты. Бұл сұраққа берілген жауаптарды этникалық деңгейде саралау орыс ұлты өкілдерінің басым бөлігінің (52,3 %) ондай бөлініс жоқ деп есептейтіндігін көрсетті. «Иә» деген жауапты таңдағандар арасында орыстардың үлесі 34,9 %, қазақтар — 40,6 % және басқа ұлттар — 41,5 %. Жауаптардың мұндай бөлінісі этномәдени ерекшеліктер мен әйелдің ақы төленуге тиіс мамандық ретінде де, қызметтің түрі ретінде де қарастырылмайтын үй шаруасымен белсенді айналысатындығымен байланысты болуы мүмкін. Қала тұрғындарының көпшілігі (48,2 %) мамандықтар ердікі және әйелдікі деп бөлінбейді деген пікірде. Ал ауыл тұрғындарының басым бөлігі (47,3 %) «иә» деген жауапты таңдады. Ауылдық өмірдің дәстүрлі салты еңбек түрін айқын бөле білетіні анық.

Респонденттер мынадай мамандықтарды ерлердікі деп санайды: кенші — 45,1 %; қарауыл — 38,2 %; құтқарушы — 37,7 %. Ерлерге олардың күш-қуатын қолдануға болатын және қолдануға тиіс мамандықтар лайық деген пікірдің көптеген адамдарға ортақ екендігін айта кету қажет. Әйелдер арасында 48,4 % кенші мамандығы тек қана ерлердікі деп есептейді, бұл пікір ерлерге қарағанда 10 %-ға артық. Ал ерлердің көпшілігі ең жоғары деңгейде өздеріне лайық деп таныған мамандық «құтқарушы» болды (40,6 %). Мұғалім мамандығын ерлерге лайық деп таныған әйелдердің жауабы ең аз үлеске ие болды (0,6 %). Ерлер өздеріне ең сай келмейтін мамандық ретінде кітапханашы мамандығын атап көрсетті (0,2 %).

Жас санаты бойынша барлық топтар кеншіні ер адам мамандығы деп біледі. 18 — 30 жас аралығындағы топ ерлерге ең сай келмейтін мамандық шаштараз (0,2 %) деген пікірде; 31 — 45 жас аралығындағы топ сатушы және дизайнер мамандықтарына 1 %-дан дауыс берсе, 46 — 59 жас аралығындағы топ өкілдері соңғы орындарға мұғалім (0,6 %), кітапханашы (0%) мамандықтарын қойды, ал 60 және одан жоғары жастағылар шаштараз (0 %) бен аспаз (0 %) мамандықтарын ерлердікі емес деп санайды.

Жоғары және арнайы орта мамандылар кенші, құтқарушы және қарауыл мамандықтарын ерлерге ең лайық мамандықтар деп біледі. Жоғары білім өкілдері дизайнер (0,5 %), кітапханашы (0,6 %) және шаштараз (0,7 %) мамандықтарын ерлерге ең сай емес мамандықтар деп біледі. Ал арнайы орта маман өкілдері ерлерге жарамсыз мамандықтар ретінде мұғалім (0,4 %), кітапханашы (0,5 %), хатшы (0,7 %) мамандықтарын атап көрсетті.

Қала тұрғындарының көбі дәрігерді ерлердің мамандығы деп санайды (2,8 %). Мұғалім мамандығына берілген тең бағаға тұрғылықты жердің әсері болған жоқ (0,6 %). Саясаткер мамандығына да шамамен ұқсас баға берілді (қала — 18,4 %, ауыл — 18,1 %) . Ең төменгі деңгейде берілген көрсеткіштер кітапханашы мамандығына тиесілі: қала — 0,6 %, ауыл — 0,3 %.

Егер солай ойласаңыз, қандай мамандықтарды әйелдердікі деп санайсыз?

Төмендегі мамандықтар ең көп дауыспен әйелдердікі деген сипатқа ие болды: хатшы (37,9%), кітапханашы (36 %), бет әрлеуші (28,2 %). Ең төменгі көрсеткіштерді құтқарушы (0 %), кенші (0%), жүргізуші (0%) мамандықтары иеленді. Әйелдердің 0,9 % кеншінің, 0,8 % жүргізушінің және 0,3 % құтқарушының жұмысын өздері үшін мүмкін деп санайды. Ерлерге қарағанда әйелдер көбірек бухгалтерлікті өздеріне лайық мамандық деп біледі. Барлық ұлт өкілдерінің әйелдер үшін ең қолайлы үш мамандыққа қатысты пікірлері өзара ұқсас: хатшы, кітапханашы, бет әрлеуші. Қалалықтарға қарағанда ауыл тұрғындары әйелдерге лайық мамандықтар қатарына төмендегілерді көбірек жатқызады:   аспаз — 15,4%, мұғалім — 13,6 %, дәрігер — 5,7 %. Ал қала тұрғындарының ойынша шаштараз — 11,5 % және кенші — 0,6% мамандықтары әйелдерге қолайлы.

Егер солай ойласаңыз, қандай мамандықтарды ортақ деп санайсыз?

Респонденттер ерлерге де, әйелдерге де лайық деп дәрігер (42,1 %), басшы (39,3 %) және мұғалім (36,5 %) мамандықтарын атап көрсетті. Барлық аймақтар дәрігер мамандығын бірауыздан екі жыныс өкілдері үшін де қолайлы мамандық ретінде санайды. Ер адамдар екі жыныс өкілдері үшін де лайық мамандық деп басшылықты таныса (33,9 %), әйелдер бірінші орынға дәрігерді қойды (46 %). Ең төменгі көрсеткіш кенші мамандығына тиесілі, оның пайдасына таңдау жасаған әйелдердің үлесі 2,8 % болса, ерлердікі 3,1 %. Фитнес-жаттықтырушы айтарлықтай жоғары нәтижеге ие болды: 18 — 30 жас аралығындағылар – 39,5 %; 31 — 45 жас аралығындағылар – 34,6 %; 46 — 59 жас аралығындағылар – 30,3 %; 60 және одан жоғары жастағылар – 32,6 %. Дәрігерді жоғары білімділердің көпшілігі (44,6 %), ал орта білімі барлардың 38,2 % екі жыныс өкілдері үшін де лайықты мамандық деп санайды. Ең төменгі таңдауға кенші (жоғары білімділер — 3,1 %, орта білімділер — 2,9 %) мамандығы ие болды. Орыстар да (39,4 %), қазақтар да (43,3 %) бірінші орынға дәрігер мамандығын қойды. Ал басқа ұлт өкілдері үшін (41,5 %) бірінші орында басшылық мамандығы тұр. Ауыл тұрғындары (50,9 %) мен қалалықтар   (39,3%)  бірінші  кезекте   дәрігер мамандығын атап көрсетті. Ең төменгі орында кенші мамандығы.

Сіздің ойыңызша Қазақстанда ерлер мен әйелдер бірдей кәсіби міндеттер үшін бірдей еңбекақы ала ма?

Респонденттердің көпшілігі (51,5 %) Қазақстанда ерлер мен әйелдер қызметтің бір түрі үшін бірдей кіріс табады деп есептейді. Тек 14,7 % ерлер мен әйелдердің табысы әртүрлі деп білсе, бұл туралы білмейтіндер мен мүлде ойланбағандардың үлесі айтарлықтай жоғары — 34,8 %. Жоғары білімі барлардың арасында бірдей жалақы алады деп санайтындар көп (52,8 %) болса да, «жоқ» деп санайтындардың   да   үлесі   біршама   (16,6 %). «Білмеймін» деген жауапты таңдағандардың көпшілігі – орта білімі бар респонденттер. Қала тұрғындары Қазақстанда ерлер мен әйелдер атқарылған бірдей міндеттер үшін бірдей жалақы алады деген пікірмен жоғары деңгейде (52,6 %) келіседі. Ал «Білмеймін» деген жауапты таңдағандардың арасында ауыл тұрғындары көп (31,6 %).

Сіздің ойыңызша Қазақстанда ерлер мен әйелдерді жұмысқа қабылдау шарттары бірдей ме?

Респонденттердің көпшілігі Қазақстанда жұмысқа қабылдау барысындағы ерлер мен әйелдерге арналған шарттар біркелкі деп санайды (32,3 %). Дегенмен «Жоқ» деген жауапты таңдағандардың үлесі де аз емес (27,7 %). 24 % бұл туралы ештеңе білмесе, 16 % бұл мәселе туралы ешқашан ойланбаған. Жауаптар үлесін саралау ер адамдардың ерлер мен әйелдерді жұмысқа қабылдау шарттары тең деген пікірмен келіспейтіндіктерін көрсетті (25,9 %). Бұл мәселе туралы ойланбағандардың үлесі ерлер арасында көбірек (25,1 %). Ерлерге қарағанда әйелдер «Иә» деген жауапты көбірек таңдады (36,2 %). Әйтсе де информанттардың 28,2 % жұмысқа қабылдау шарттары біркелкі емес деген пікірде. Бұл мәселе туралы білмейтін немесе ол туралы ойланбаған ерлердің үлесі әйелдерге қарағанда көбірек. Жоғары білімі бар адамдар (34,2 %) гендерлік тиістіліктен тәуелсіз қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар деген пікірде. Орта білімі бар респонденттер арасында бұл мәселе туралы ешқашан ойланбағандардың үлесі көп (18,8%). Қалалықтардың көпшілігі Қазақстанда ерлер мен әйелдер жұмысқа орналасу барысында тең мүмкіншіліктерге ие деп санайды.

Сауалнамаға қатысушылар еңбек нарығындағы гендерлік асимметрияны назарларына алмайды. Бірақ ол мәселе гендерлік теңдік стратегиясында қарастырылған. Стратегияда көзделген міндеттер ретінде мыналар атап көрсетілген: экономика салалары арасындағы жалақы деңгейін теңестіру және біркелкі еңбекке біркелі ақы төлеу талабын сақтай отырып, еңбектің сипаты мен төлемі бойынша әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылықтарды азайту; әлеуметтiк ұдайы өндіріс аясында ерлер мен әйелдердің ақы төленбеген еңбегінің макроэкономикалық салдарына сараптама жасау; еңбек нарығында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және әйелдерді жұмысқа тарту; қызмет жолында гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін кепілдіктер жүйесін құру және отбасылық міндеттер мен бала өсіру ісін табысты қызмет жолымен үйлестіру үшін мүмкіншіліктер жасау. Бұл жерде біз тағы да қоғамдық және ресми дискурс арасындағы сәйкессіздікті көріп отырмыз. Сауалнамаға қатысушылардың 45,8 % мамандықтарды жыныстық белгі бойынша бөлмейді, 9 % еңбектің гендерлік бөлінісінің мүмкін екендігін білмейді, ал 39,6 % мамандықтардың жыныстық белгі бойынша бөлінісін мойындайды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close