Тәуелсіздікке — 30 жыл

ЕЛІМІЗДІҢ ЕЛЕУЛІ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қазақстанның 30 жыл тәуелсіздігі ішінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қазақстан осы мерзім ішінде Орталық Азияда экономиканың дамуы жағынан көшбасшы ел болды. Өңірге тартылған инвестициялардың ауқымды бөлігі Қазақстанға келді.

Сонымен қатар, Қазақстанның елеулі табыстарының бірі – ішкі келісімді сақтау болды. Қазақстанның Бірінші Президенті Н.Назарбаев тыныштық пен татулық болғанда ғана дамуға жол ашылатынын үнемі айтып отырды.

Шет мемлекеттермен ынтымақтастықты арттыруға зор мән берілді. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты ұйымдарға төрағалық еткенде, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанда әрдайым әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудың жаршысы болды.

Елбасы өңірлік бірлесіп дамуға зор мән берді. Бүкіл өңір елдері біріккенде ғана, қарқынды дамуға жол ашылатынын түсіндірді. Еуропа елдерінің дамуы олардың арасындағы бірлікке негізделгенін мысал ретінде көрсетті.

Осы орайда, Ұлт көшбасшысы алғашында Орта Азия мемекеттерінің одағын құру тралы бастама көтерді. Кейіннен Еуразиялық одақ құру туралы оның бастамасы сәтті жүзеге аса бастады.

Кейінгі жылдары орын алған билік сабақтастығының тарихи мәні зор болды. Қазақстанның жаңа Президенті Қ.Тоқаев Ұлт лидері Н.Назарбаевтың саяси бағытын жалғастыратынын мәлімдеді.

Президент Қ.Тоқаев осы бағытта ірі стратегиялық реформаларды жүзеге асыра бастады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласының стратегиялық ерекшеліктері бар. Ең алдымен, осы мақаланың бағдарламалық ережелері оның болашақты бағдарлауымен байланысты. Президент алдағы төртінші онжылдықтағы ұлттық дамудың негізгі мақсаттарын айқындайды.

Мақалада ел тарихына объективті баға беру, әлеуметтік базаны кеңейту тетіктері, мемлекеттік тілге жете көңіл бөлу, патриотизмнің жаңа қырлары, жер мәселесі, ұлттық бірегейлікті нығайту және соңғы жылдардағы қоғамдық пікірталастарда айтылып жүрген басқа да тақырыптар қамтылған. Олардың барлығы бір-бірімен өзара тығыз байланысты және елдің болашағы үшін аса маңызға ие. Тәуелсіздіктің басында қабылданған «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласы өзінің негізгі міндетін орындады.

Бүгінгі шындық ұлттық дамудың идеологиялық негіздерін айқындауға деген сұраныстармен сипатталады. Мақаланың өзі осыларға арналған.

Біріншіден, Президент алға жылжудың басты мақсаттарының бірі халық алдындағы жауапкершілік қағидатына негізделген мықты және тиімді мемлекет құру екенін атап өтті.

Бұл қағидат «тыңдаушы үкімет» тұжырымдамасын толық іске асыруды, үкімет пен азаматтық қоғам арасындағы жоғары сенімділікті, азаматтық құқықтар мен әр тұрғын үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге, саяси саланы ырықтандыруға маңызды рөл беріледі. Бұл бағытта бірқатар шешімдер қабылданды: партиялар, митингілер және сайлау туралы заңнамалар өзгертілді. Ауыл әкімдерін сайлау туралы ереже дайындалуда. Бұл — жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіретін, азаматтарға өздерінің тұрғылықты жерінде өзін еге ретінде сезінуге нақты мүмкіндік беретін өте маңызды қадам.

Президент мақаласының маңызды тармақтарының бірі — ол азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуді басымдық факторы ретінде белгілейді. Президент адамдардың өмір сүру сапасын жақсартпай, ел жетістіктері мен халықаралық табыстарымен мақтанудың қажеті жоқ екенін қадап айтады.

Нұр-Сұлтан халықтың әл-ауқатын арттыруға зор күш-жігер жұмсап келеді. Осы бағытта көптеген бағдарламалар қабылданды.

Президент екінші стратегиялық мақсатты Қазақстан халқының бәсекеге қабілеттілігін жоғары деңгейге жеткізу деп белгіледі. Бұл дегеніміз — өзгермелі жағдайларға тез бейімделу, адами және әлеуметтік капиталды арттыру және оның сапасын жақсарту, азаматтық, патриотизм, білімділік, салауатты прагматизм және ел тағдыры үшін жауапкершілікті көрсету. Ұлттың сапасы оның азаматтарының жеке қасиеттерінен тұрады. Сондықтан, Президент Қ.Тоқаев дарынды жастарды қолдауға ерекше назар аударды.

Бүгінде бүкіл әлем сияқты Қазақстанның алдында маңызды жаңа міндеттер тұр. Қазақстандықтар экономикалық, әлеуметтік қайта құруларды ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәселелерді де сипаттайтын заманауи сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Тәуелсіздік жылдарында жинақталған қауіпсіздік шегі, сондай-ақ орасан зор стратегиялық тәжірибе болашаққа сеніммен және оптимизммен қарауға, алға жаңа мақсаттар қойып, ілгері жылжуға мүмкіндік ашады.

Президент Қ.Тоқаев қолға алып жатқан стратегиялық реформалар мен алға қойған міндеттер жүзеге асқан жағдайда, Қазақстан тәуелсіздігі одан әрі нығая түспек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close