Тәуелсіздікке — 30 жыл

ЖЕЛТОҚСАН ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

Шымкентте Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай ұйымдастырылған “Желтоқсан — Тәуелсіздіктің бастауы” атты іс-шара өтті. Мақсаты — ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтерілістің қатысушылары, қаһармандарын ұлықтау, мерейлерін асқақтату, өскелең ұрпаққа насихаттау.

Аталмыш шараға Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар және Төлеби ауданы, Ленгір қаласының № 1 мектеп оқушылары қатысты. Шара “Желтоқсан желінің естеліктері мәңгі есте” атты арнайы дайындалған бейнероликпен басталды. Музей директоры Асқарова Мария Келесқызы шараны ашып, маңыздылығына тоқтала отырып, келуші қонақтарға алғысын білдірді. Музей директорының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Серікбаева Гүлмира Алдоңғарқызы «Оңтүстік» телеарнасына сұхбат берді. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтар — Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Шардарбекова Гүлнәр Сәдібекқызы, Желтоқсаншылардың қоғамдық ұйымдарына жетекшілік етіп келе жатқан желтоқсан қаһармандары Исабеков Сәбит Қалдыкөзұлы мен Исаев Карл Өміртайұлы халқымыздың тарихындағы бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған елеулі оқиға жайлы сөз қозғады.

Желтоқсаншылар — Қуандықов Ермұхамед Әбдікерімұлы мен Шомаева Ғалимат Әбенқызы, Ермекова Раушан Сматуллақызы, Шахманова Майра Шахманқызы Желтоқсан оқиғасы туралы естеліктерімен бөлісіп, көздеріне жас алды. Сөз соңында тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілеп, музей ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ, осы тақырыпта көрме ұйымдастырылды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close