Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың сахабасы екен. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді».Сонымен жоғарыда келтірген деректерді талдай келіп мынадай қорытынды алуға болады. Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бірқатарда тұрады. Ал Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.«Үкаш-ата» туралы халық арасында аңыз-әфсаналарда хз.Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған.Укаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды. Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиаратқа ағылып келіп жатады.
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, ХІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басы
Созақ ауданы, Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ деген жерде орналасқан. Баба түкті Шашты Әзіз — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне, мұсылмандар арасында әулие саналған. Аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес.
Ысқақ баб (Баба ата) кесенесі, ХІХ соңы
Орналасқан жері: Созақ ауданы, Баба ата ауылының солтүстік шетінде, мазарат ішінде орналасқан. Қысқаша анықтамасы: Баба Ата (Ысқақ баб) Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына ХІХ ғасырда жаңа кесене салынған. Жалпы көлемі – 21х13 метр. Төбесі екі күмбезді кірпіштен өріліп жабылған. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып, қабырғасы михрабпен безендірілген. Ел, Ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандырған – Ысқақ Баб, әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы.
Гауһар ана кесенесі, XII—XIV ғғ.
Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Ел арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерде Қожа Ахмет Иасауидің бір ұл, бір қызы болған. Ұлының ата – Ибраһим, қызының ата – Гауһар.Гауһар ана — Әлқожа атаның жұбайы болған. Кесене тұрған 8 гектар аймақ, айналасында жеміс ағаштар мен талдар өсіп тұрған ,бау — бақшалы алқап. Басында құдығы бар. Маңындаға бір шақырымдай жерде ыстықтығы 35-37 градустық, тереңдігі 1200 метрден шығып жатқан жер асты ыстық суы мен емдейтін сауықтыру профилакториясы орналасқан.
Бәйдібек би кесенесі
Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәуірі үлгісіндегі Балабөген өзенінің биік жағалауында ежелден сақталған көне мазар күмбезінің орнына, жаңа үлгіде қайта салынды. Бәйдібек би кесенесі құрылысына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін таңдаулы құрылыс материалдары — Ташкент зауыттарының арнаулы сары кірпіші, Нұратаның ақшыл мәрмәрі, Тараз бен Қаратаудың қызыл граниттері, Қошқарата қатпарлы тау жыныстарының тақтатастары пайдаланылған. Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкент шеберлері қатысқан.Бәйдібек кесенесінің күмбезбен көмкерілген ғибадат бөлмесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы баба рухына арнап, салмағы 6 тонна бесік мүсінді ақ мәрмәр құлпытас қойған.Бәйдібек баба 1356-1419 жылдары Қаратау өлкесінде өмір сүрген. Қазіргі Бәйдібек ата елді мекенінде дүниеден өткен. Үш жасында Бәйдібек ата-анасынан айрылып, жақын туыстарында тәрбиеленеді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Бәйдібектің шешендік қасиетін жоғары бағалаған халық оны «би» етіп сайлайды. Халық арасында өзінің шешендігімен, даналығымен аты шығып, 1419 жылдың күзінде, 63 жасында, өзінің Балабөген қыстауында дүниеден өтеді.
Домалақ ана кесенесі
Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 ж Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған.1429 ж. Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Басына тұрғызылған кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген. Бірінші рет, немересі Дулат Бұқарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып 1456 жылы кесене там тұрғызған. 1957 жылы жаңартылған кесене де көп уақыт сақталмаған. 1996-1997 жылдары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлының жобасы негізінде тұрғызылған. Жаңа кесененің салынуымен, кесене алғашқы көрінісінен түгел өзгеріске ұшыраған. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған.
Исмайл-ата сәулет кешені
Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында орналасқан. Сәулет кешені құрамына: Исмайл-ата, Жәбірейіл-ата, Қошқар-ата, Ысқақ-ата кесенелері, Мешіт, Шілдехана, Дарбаза кіреді. Кешенге 2006 жылы «Мәдени-мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Исмайыл ата кесенесі Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылындағы ескі мазар ішінде орналасқан. Кесене бір күмбезді кірпіштен соғылған, күмбез үстінде жаңғақ ағашынан істелген діңгек орналасқан. Күмбездің жалпы көлемі 10х12 м., ішінен биіктігі 6 м. 2006 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Исмайыл ата түркі ғұламасы Қожа Ахмет Иасауидің Ибраһим деген інісінің ұлы екендігін парсының ұлы ақыны Əбдірахман Жəми өзінің «Нəсəимул-мухəббəт мин шəмəил-футууəт» атты шығармасында атап өтеді. Қ.А. Иасауи ілімін жалғастырушылардың бірі болған Исмайыл ата қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Тұрбат деген жерінде туған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Исмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады. Дегенмен ол бірден отанына қайтпай, Яссауи тариқатының шайқы Сайид атаға барып, әкесінің сопылық қауымын басқаруға бата алады. Сөйтіп Исмайыл ата көшпенді далалықтар мен егіншілер арасында дін уағыздайды. Ол өмірінің соңына қарай көптеген ізбасарлар дайындап, құрмет пен даңққа бөленеді. Аңыз бойынша оның бейітінің басындағы кесене Темірдің нұсқауымен тұрғызылған.