Қоғам

КӨНЕ ҚАЛАДАН КӨРЕТІН ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Түркістан - Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Тарихқа көз тастасақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған.

Ал қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Тарихи деректер бойынша, Түркістан атауы «түркілер елі, мекені» деген мағынаны білдіреді. Қаланың іргетасы V-VІ ғасырларда қаланып, атауы бірнеше рет ауысқан. Негізінен алғашқы атауы — Шавғар саналады. Шавғарды «Шауғар» деп те атайды. Ол сақ тілінде «Қаратау» деген мағынаны білдіреді. Қаланың атауы араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Арабтардың тарихшы-географы әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында Шавғар жайлы айтқан. «Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүріп, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Ясыға көшті», — деген ол. Түркістан — Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Отырықшы мәдениет өркендеген кезде Қазақстанның әр жерінде қалалар саны арта бастады. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан өзінің тарихи орындарымен белгілі. Шавғар қаласы пайда болғаннан кейін оның аймағында Қарнақ, Шағылжан, Қарашық, Шур (Сури) қалалары бой көтерген. Тарихи деректерге сүйенсек, Шавғар қаласы арқылы Ұлы Жібек Жолының бір тармағы өткен. Керуен Сырдария бойын қуалай жүріп, ірі қалалар Отырар- Фараб пен Шавғар арқылы өтеді. Ал Шавғардан ары Янгикентке жол тартып, Қарақұм арқылы Хорезмге барады. Янгикент оғыз тайпасының астанасы болған.

Ұлы Жібек жолы және Қазақстанның ежелгі қалалары Ұлы Жібек жолындағы сауда керуені ІХ-Х ғасырларда ірі қалалар қатарына қосылған Шавғар «Яссы» болып өзгертіледі. Яссы — Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. Ал ХІІ ғасырдың І ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Араб тіліндегі еңбектерде бұл қасиетті қалада исламның рухани мұ- расын байытқан атақты адамдардың дүниеге келгені жазылған. Солардың бірі — ғұлама, ғалым, сoпылық филoсoфияның Орта Азияда нeгiзiн салған, «Диуани Хикмeт» (Даналық кiтабы) көнe түркi тiлiндeгi дiни өлeңдeр тoптамасын жазған Қожа Ахмет Яссауи. Ол Ясыға келгеннен кейін атақ-даңқы шыға бастаған. Ал, қайтыс болғаннан кейін қабіріне шағын кесене салынған. Сөйтіп, Ясы қаласы ХІV ғасырда түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналды. Тіпті оны «Хазреті Түркістан» немесе «Кіші Мекке» деп атаған. Айта кетейік, Ясы жерін қазақстандық археологтар да зерттеген. Олар Ясының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. Өңір Түрік қағанатына қараған, ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Мамун, Х ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорық жасаған.

«Яссы-Күлтөбе» қалашығы, ашық аспан астындағы музей Күлтөбе қалашығы. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан, сопақша келген, биіктігі — 9 метр, аумағы 150х120 метрді алып жатқан ауқымды төбешік. XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды. Қазақтың атақты ханы Есімнің тұсында Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған. Есім хан ойрат қалмақтарымен күресте ерлік пен батылдықтың өнегесін көрсетіп, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған. Шығай ханның баласы. Туған ағасы Тәуекел ханнан кейін ел билігін қолға алған. Есім хан Қазақ Ордасын 1598-1628 жылдары басқарды. Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде ағасы Тәуекел ханмен Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосқан. Түркістан Есім хан билегеннен бастап XІV-ХVIIІ ғасыр аралығында хан ордасы қызметін атқарған. Қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбенің басына жиналып, кеңес құрғаны белгілі. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз бекер емес. Қазақстандық археологтар Түркістан орны көне Күлтөбе жерімен сәйкес десе, онда қаланың Қазақ хандығы тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.

Есім хан кесенесі — Түркістан қаласында XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 метр жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының ханы Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған. Ортағасырда Түркістан Қазақстан жеріндегі ірі білім орталығы болған. Мұнда жазылған туындылардың авторлары көпке мәлім. Олар — Ахмет Яссауиден бастап, шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгнеки, Жүсіп Баласағұн. Сонымен қатар, Түркістан білім ғана емес Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына да айналған. 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болды. Бұған дәлел — Ахмет Яссауи кесенесі төңірегіне қазақ хандары, батырлары мен билерінің жерленуі. Олар Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар мен Қазыбек, Әйтеке билер, Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырлардың да құлпытасы бар. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты ірі шаһарлардан біздің ғасырға жеткені Түркістан. Ол моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген. Соған қарамастан қала іргесі құламай, бүгінде Түркістан облысының орталығы болып отыр. Сол себепті Түркістанды «ержүрек, батыр қала» дейді. Түркістандағы Яссауи кесенесі, 1871-1872 жылдар. Этюд суретші Верещагин Василий Васильевичтің Түркістанға барған екінші сапарында салынған, 1869-1870 жылдар. Картина Мәскеудегі орыс бейнелеу өнерінің аса ірі музейі Третьяков галереясында орналасқан.

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев та Түркістанға арнап өлең жазған: «Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан — ер түріктің бесігі ғой . Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой». Тарихи деректерге сүйенсек, патшалық Ресей Түркістан аймағын басып алу мақсатында түрлі саясат жүргізген. Ал Түркістан халқы оған қарсылық көрсетуімен болған. Ақын Мағжан туған жылдары Түркістан аймағы түгелімен патшалық Ресейдің езгісінде еді. Мағжан Ресейдің Түркістан аймағында отаршылдық саясатын күшейту мен славян тектес көшпенділерді жаппай Түркістан территориясына қоныстандыруына қарсы шыққан халықтың 1916 жылғы көтерілісіне де куә болыпты. Мағжан Жұмабаев — ұзаққа созылған бодандық кезеңінде келімсек отаршылдардың халық жадынан өшіруге тырысқан рухани байлығын сақтап қалуға бүкіл ғұмыры мен әдеби күш-жігерін арнаған ұлы тұлғалардың бірі. Ол жанын құрбан еткен қасиетті күрес тек оның өлімінен кейін жеңіс тапты. Ал ол армандаған бақытты күндерде қазіргі ұрпақ өмір сүруде.

Бүгінде Түркістан Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Ол жаңадан Түркістан облысының әкімшілік орталығына айналды. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 7,4 мың шаршы шақырымға жетеді. Кезінде білім орталығы болған қалада қазір 1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бар.  Түркістан қаласы — Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан. Түркістан-Сібір магистралі өтетін қалада 60 шақырым шойын жол торабы, 1583,6 шақырым автокөлік жолы бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын Шымкент-Самара автомагистралі кесіп өтеді. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде атап өтілді. Ол тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. Ал 2002 жылы онда Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры » бағдарламалық мақаласында Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Түркістан Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады деп айтты . «Осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрген мақала тарих пен болашақты байланыстырмақ. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі — Әбу Насыр әл- Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан. Осы Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өзімізді адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлттың ұрпағы және мәңгілік дамуға жаңа бағыт берген мәдениеттің өкілі екенін ұмытпауымыз керек. Бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты, сайып келгенде, Тәуелсіздікті баянды, Ұлы дала елін мәңгілік, Түркістанды түркі дүниесінің текті төрі және мәдени-рухани орталығы болары хақ.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close