ТҮРКІСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАР-3
Әртүрлі кезеңдерде, 1930-шы жылдары Ахмет Ясауи кесенесінің жанында тұрғызылған көне ғимараттардың жойылып кетуіне жол берілген екен.
Ахмет Ясауи кесенесімен салыстыруға болмайтын, кішкене мавзолейлер, ғибадат орындары, дәстүрлі тұрғын үйлерлерге назар аударылмай, көптеген құнды кесенелер бұзылып кеткен [27, 29-б.]
Қожа Ахмет кесенесінің жағдайы, оны күтіп-сақтау мәселелері әр кезеңде де назардан тыс қалған жоқ. Ғалымдар кесененің жағдайы туралы өз зерттеулерінде қарастырып, ғылыми ортаға салып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырды [28, 274–280-бб.]. Өйткені, тарихи құнды орындарды сақтау, қорғау, әсіресе олардың негізгі түп нұсқасын сақтау мәселелері өте маңызды екендігі анық.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Әлемдік құнды мұралар тізіміне енген, елдің сан ғасырлық рухани құндылығын жинақтап тұрған киелі орын.
Кесенеге жыл сайын көптеген зияратшылар, саяхатшылар, басқа да жұртшылық көптеп келіп, бүгінде жаңарып, жасарып келе жатқан көне шаһарға ат бұруды дәстүрге айналдыруда. Ясауи кесенесі және кесенеге арнайы жасалған құнды ортағасырлық жәдігерлердің білім беру, тәрбиелеу, ағартушылық, мәдени тұрғыдағы беретін әсері мен маңызы ерекше екені белгілі. Осы тұста кесенедегі құнды жәдігерлердің атқарған қызметін келушілерге дұрыс түсіндіріп, ақпарат берудің маңызы да үлкен.
Ясауи кесенесіне сан ғасырлар бойы «Әзірет Сұлтаным» деп зиярат ете келген сол кезеңдегі қоғамда оны ерекше сыйлау, қадірлеу, қасиетін құрметтеу сезімдері күшті болғанын аңыздар, ғылыми деректер растайды.
Ертеде зиярат етуші кісілер, бұрынғы ел басқарған тұлғалар кесенеге ат басын бұрғанда жарты шақырым жерден атынан түсіп, жаяу келген екен. Мұндай үрдіс Орта Азия аумағындағы барлық киелі орындарға тән нәрсе.
Қазіргі кездегі кесененің, оның айналасындағы тарихи құнды нысаналардың жағдайы ғалымдар тарапынан зерделенуде. Кесене және оның сақталуы бірнеше ғасырлар бойы әртүрлі саяси өзгерістермен байланыста дамыды. Соған сай кесене және оның айналасындағы құнды мазарлар, кесенелер бұзылып, жойылып кеткені де жасырын емес.
Кезінде Қазақ хандығының астанасы болған екі мың жылдық тарихы бар Шауғар-Ясы- Түркістан қаласында көне заманнан бері келе жатқан тарихи орындар, киелі нысандар өте көп еді. Әр кезеңнің өзінің ұстар саяси ұстанымдары мен әлеуметтік-экономикалық, т.б. жағдайлары көне нысандардың жоғалып кетуіне де себепші болған. Қазіргі кезде сол Ахмет Ясауи ілімімен, тарихи оқиғаларымен байланысы бар орындардың қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылып, сол өмір сүрген кезеңнің сипатына сай көрсетілу мүмкіндігі аз емес екендігі белгілі.
XIX ғасырдың 70–80-жылдарындағы жөндеу жұмыстарының, XX ғасырдың әр кезеңінде жүргізілген жұмыстарының пайдасымен қатар зияны да болғаны рас. Көптеген ғимараттардың жойылып, бұзылып кеткеніне көнекөз қариялар куә. 1896 жылы А. Добросмыслов жазып кеткеніндей, Ахмет Ясауидің қызы Жамалдың мазары, басқа да Әзірет Сұлтан өмірімен байланысты мазарлар, жерлеу орындары, қылует, кесенелер бұзылып, сүріліп кеткен. Ал 1980 жылы Н.-Б. Нұрмұхамедов бұрынғы жүргізілген барлық жөндеу жұмыстарының нақты жоспарының болмауынан, көптеген маңызды ғимараттардың жойылып кетуіне жол берілгенін айтса, М. Қожа, С. Ахмет, Ж. Алимов сынды зерттеуші ғалымдар Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы, оны күтіп сақтаудың маңызын талдап, зерделеп көрсетеді өз еңбектерінде. Қазіргі кезде Қожа Ахмет Ясауи іліміне, ұрпақтарына қатысты тұлғалар мазарлары, ғимарат орындарының сақталу деңгейі жоғары деуге келмейді.
1970 жылдары Т.Н. Сенигова, Е.Ә. Смағұлов зерттеген жер асты ғибадат орындарын, атап айтқанда, Кіші Қылует, басқа да тарихи орындарды сол ғимараттың жұмыс істеген кезеңдеріне сай көрсету, қайта қалпына келтіріп, сол заманның мәдениетін көрсету мүмкіндігін жасау, оны жан-жақты зерттеу қажеттілігі бүгінгі ұрпаққа артылар жүк десек, артық айтқандық емес.
Өз заманында ілімін таратып, қоғамды, елді зиянды, қауіпті іс-әрекеттерден қорғаған, Ясауи ілімі арқылы тура жолға түскен шәкірттерінің мазарлары және оны сақтау, қорғау адамзаттың борышы деуге болады.