ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНЫҢ ТАРИХЫ
«Эстрада сахнасындағы тұлға жайлы Қазақстанда тұңғыш рет ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдарынан бастап әншілердің өздері толғанып, ой бөлісе бастаған болатын.
Солардың бірегейі әнші Жамал Омарова. Ол бұлбұл әнші атанған Бибігүл Төлегенова туралы жазған мақаласында жас дарынның шеберлік сырларына үңіле отырып, әуелі Жаратқан табиғат сыйымен қатар ізденіп еңбектену, жетілу өнерпаздың басты» міндетін: «Жаратылысынан кішіпейіл, ақылды, алғыр жас үнемі ізденумен, әншілік өнерін шыңдап, іштей түлетіп жетілумен болды. Ол өзінің білмейтінін өзгеден сұрап, біліп алудан ешқашан намыстанған емес», деп жоғары бағалаған болатын.
«Өз дауысына ғана емес жүрегіне жақын туындыларды таңдап, оны айлар, жылдар бойы шығарған Бибігүлдің ізденімпаздығына Жамал Омарова тамсана отырып, «Бұлбұл» әнін әр айтқан сайын жаңаша түрлентуін: «… айтар әнді халыққа жеткізе білсе, халықтың ой қиялын оятып, жүрегіне неше түрлі әсер беріп, шаттандырып шабыттандыра білсе, сонда ғана онышын әнші деп айтуға болады. Бибігүл осындай бұлбұл әнші. Кезінде мұндай атақты біз тек Күләш Байсейітоваға ғана сыйлаған едік», деп өз ойын қорытындылай келе былай деп түйіндейді: «Ән салған кезде жүрек тебіренуі тиіс.
Әуелі әншінің жүрегі тебіренбесе, халықтың жүрегі ешқашан тебіренбек емес. Нағыз әнші салар әнді жүрегімен түсініп, қосыла балқып, барынша құлай бүкіл жан-тәнімен беріле шырқағанда ғана халыққа жеткізе алады. Ал халыққа жеткен ән ешқашан да жаман болмайды. Шын өнер адамының сыншысы да, ақылшы ұстазы да, сырласы, мұңдасы да халық болуы тиіс», – дейді Жамал Омарова.
Осы жылдары өнердің енді бір саңылағы, Қазақстанда эстрада мен цирк өнерінің өркендеуіне сансыз көп үлес қосқан қайраткер Гүлжиһан Ғалиева, сахналық мәнерлі оқушы маманы тұрғысынан сахналық шеберлік жайлы өзінің жеті түрлі ұстанымын былайша жүйелеген: «Біріншіден: сезім, нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан жаңа құпиялар іздеуі; одан қандай да бір әсер алуы; көз алдында өтіп жатқан құбылыстарды сезінуі; түйсігіне түюі, ондағы шындықты бейтарап қалдырмауы.
Екіншіден: бақылау, жіті бақылағыштық. Бақылап білген соң, шындықты сезіну – таланттың серігі.
Үшіншіден: шығармашылық қиял. Нәзік сезімді тән сезімталдықтың ақиқатына шындық пен өмірдің өзіне негізделген шындықты танытады.
Төртіншіден: интуиция. Ішкі терең табиғи тербеліс, тебіреністің нәтижесі.
Бесіншіден – өмірбаян. Тәжірибенің молдығы. «Өмірі мазмұнды адамның шығармашылығы мазмұнды болады» – деп, Генрих Ибсен біліп айтқан. Өйткені, тіршілікте көрген-түйгені көп адамның таланты да күшті, әрі мықты.
Алтыншыдан: парасат, сананың саралығы. Құр соқыр сезіммен, бір интуициямен ұзаққа, биікке шырқау мүмкін емес. Шын талантты ашу үшін сарабдал сана мен мол парасат керек.
Жетіншіден – шеберлік, өнердегі шеберлікке жеткізетін жол – қатаң талап пен ауыр еңбек. Хас шебер шыңдалған сайын қиналып, терлеуі қажет. Ал шеберлік – шексіз».
Әрине, осы ескертпелердің барлығы да маңызды екенін сөзсіз сезіне отырып, вокал шеберлігінен соң әншінің сахна шеберлігі де аса маңызды роль атқаратындығын ескеру қажет. Осы тұрғыдан, академик А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің актерлік шеберлігін жоғары бағалап» [34, 56 б.], оның сахналық ойынын былайша суреттеген: «Ғарекең жынына жаңа мінгендей, күлім қағып, қасын керіп, әннің кей жерінде көзін ежірейтіп, «Он алты қызды» қыздыра бастады. Қайырмасында қыздардың атын санағанда баяғы балконға қарап, сонда оның атаған қыз- келіншектері отырғандай кейбіреулеріне тікелей қарап, басын изеп, өздері үркердей болып, дүниеден бөлініп отырған әйелдерді еріксіз қозғады. Олар шынында да бізді танып отыр ма дегендей, біреулері орамалдарының ұшымен беттерін жауып, көздерін тайдырып, ұялып қалды» – деп суреттеген еді.
Бұл ескертпелерді С.Жанпейісованың ұлaғaтты ұcтaзы туpaлы oйлapы тoлықтыpa түceді: «Ғ.Құрманғалиевтің орындаушылық шеберлігінің бір қыры оның актерлік шеберлігінде. Әсіресе оның қазақтың күлдіргі, әзіл әндерін орындаудағы шеберлік үлгісін үйренерлік-ақ іс. «Нақ-нақ», «Он алты қыз»,
«Гүлқатша», сияқты әндерді орындауда дыбыс құбылтуларымен қоса, бет-бейне, қасы-көзімен ымдауы әнді драмалық белеске көтере түсті. Әр әнге драмалық образ беру асқан табиғи дарынның ғана қолынан келеді». Кәсіпқойлықтың құрамдас бөліктері жайлы эстрадалық әншілердің біразы алуан ойлар айтады. Солардың танымалы – Роза Бағланова. Ол өз естелік әңгімелерінде: «Әр әншінің басты үш серігі – ұғымдылық, шынайылық, табиғилықкүллі өнер шығармалары үшін құдіретті үш қасиетті бойға дарытқанда ғана өнер өміршең болмақ. Ал өнер өміршеңдігі әншіден», – деп ой бөліскен.
Ақиық әнші Роза Бағланова, шынайы кәсіпқойлар қасиеттеріне: «Әннің тағдыры тек оның әуенінде ғана емес, оның тағдыры сөзінде. Әнді машықтанған бір мақаммен айтуға болмайды. Ән тірі организм, сондықтан оны көңілмен сезініп, сөйлесіп, әр сөзіне мән беріп, тағдырын бөлісіп айту керек. Осы әнді композитор қандай психологиялық жағдайда шығарды. Әннің келуіне не себепші болды. Осы себеп-салдардың бәрін ескеріп, зерттеп, біліп, сезініп тұрып айтқанда ғана әнші шынайы Әнші бола алады», деп баға береді.
Бүкіл ғұмыры әнмен өрілген сұңғыланың осы өнер туралы ойлары шынайы да биік. Әншінің өнерге деген махаббатының толымдылығы сондай, ол әнді «тірі ағза» іспетті қабылданған: «Махаббат – бір тәтті у, ішер жүрек, төгер жас» демекші, мен «жүрегі» жоқ әнді айтпаймын.
Әннің бүкіл табиғатын зерттеп, оны өзімнің бүкіл тіршілік-тынысыммен қабылдап, елек елеуімнен неше мәрте өткізіп, сезініп барып айтамын. Сонда ғана ән өміршең болады, сонда ғана ән тыңдаушысын табады. Ән – менің өмірім. Ішерімді іше алмай, сүйерімді сүйе алмай, күлерімді күле алмай, еркін жүріп тұра алмай, күлкімді де, махаббатымды да, өз бойымдағы нәрімді де – бәрін де әніме бердім». «Тынып тұрып айтатын, ойланып, күліп тұрып айтатын, өзіне ғашық етіп айтатын, сұлулыққа тәнті боп айтатын, өзіңмен-өзін, бейтарап тұрып айтатын, күш-жігермен қайраттанып тұрып айтатын Ән бар. Алдымен ән Әншіні ойға салады, сонан соң оның жүрегіне жол табады, ең соңында оның дауысы арқылы дүниеге келеді», – деген Р. Бағланованың пікіріне сүйенсек әнді мәпелеген әнші ғана өнер биігіне жетпек.
Ал қазіргі эстрадалық әннің қадірлі ақсақалы Н.Нүсіпжанов сахнадағы әнші бірнеше талапқа сай болуын меңзейді:
«Біріншіден, «жан дүниесі таза, жүрегі нұрлы адам болуы», екіншісі – дикциясының нақтылығы: «Батыс эстрадасына жаппай еліктеуден бе, өзіміздің жас әншілердің шығармашылық бет-әлпеті өзгеріп барады. Қазақ әндерін бұзып айтады, ал сөзі туралы айтудың өзі ұят», деп жазды. Келесі талап – репертуар: «Қатаң талап қойғанда ғана тыңдаушыны толғандыратын құнарлы музыкалық туындылар таңдап алуға болады. Бұның сырын түсінген жас әншілердің репертуары қызықты да тартымды», дейді.
Әншіге Нұрғали Нүсіпжановтың қоятын келесі талабы: «Шын әншінің, зерек әншінің үнемі ой үстінде жүретіндігі, әннің ап-айқын сөзін жаттап, соны түсініп қана қоймай, әннің табиғатына терең бойлап, онымен іштей ұғынатыны сондықтан болса керек. Өйткені, ойдан, ойдың тереңінен шықпаған ән тыңдаушының көкейіне жете бермейді. Ойдың да есейетін, көкіректің де кеңейетін кезі болады», дейді. Яғни, Нұрғали Нүсіпжановтың пікірінше шынайы әнші зерек әрі ізденімпаз болуы шарт.
Осы мәселелердің барлығын дерлік ескере білген, өнерде бой түзеп жүрген «МузАрт» ансамблінің ұжым мүшелерінің мінезі алуан түрлі. Бірі салмақты, екіншісі ұяң болса, дауыс тембрі жағынан да дыбыс бояуы әр алуан болып келуімен көрермен үшін тартымды. Бір әншінің дауысы қаздың қаңқылындай қоңыр, дәстүрлі қазақы дауыс болса, екіншісі – ашық үнді жарқын, мелизм иірімдерді ойнақы ала алатын дауыс. Ал үшіншісінікі – құлаққа жағымды ысыл, қырылымен айрықшаланып тұрғаны естіліп жатады. Үшеуінің үш түрлі мінезі бола тұра әнді бірге, бір мезетте айтуы музыкалық туындыны тыңдарманның қалаулысына айналуына септігін тигізеді.
Ансамбльдің енді бір басты көркем ұстанымы ол әннің мәтін сөзініңұғынықты жеткізіп, орындаушының әнді түсініп мән беруінде. Осы тұрғыдан алғанда Н. Нүсіпжановтың өнердің қоғамдағы сананы қалыптастырушы аса маңызды құрал, деп білгендігімен толық келісуге болады. Сана қоғамды билесе, көркем құбылыстар да сананы қалыптастыратын оның құрамдас бөліктері: «Мәдениет – қоғамдық даму деңгейінің көрсеткіші екенін еске алсақ, үлкен елдің, мемлекеттік биіктен шешімін табуы тиіс мәселелері аз емес. Бұл ретте бүгінгі уақыт өнердегі әрбір азаматқа да ерекше міндеттер жүктейтінін терең сезініп, түбегейлі тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдік қауымдастыққа енген мемлекетіміздің рухани іргесінің нығая түсуіне әсіресе, өнер адамдары ерекше үлес қосуға тиіспіз. Өнерді «идеология құралына айналдырды» деп кешегі Кеңестік кезеңді қантөгістерін жадымнан шығарған емеспін».
Н. Нүсіпжановтың айтылған осындай ойлары өз тереңдігімен және ғибраттылығымен тартымды: «Өнер, ең алдымен, тәрбиелі, пәк болуға тиіс. Өнер ұлтымыздың ар-намысы. Ол халыққа рухани азық, бағыт-бағдар береді. Ал қазақтың ән өнерінің тәрбиелік мәні өте жоғары болған. Ол әдебиет сабағы, сана, этика, эстетика сабағы болған. Қазақтың әнінде тек қазақы көкірекпен ғана қабылданатын теңдесі жоқ құндылықтар бар».
Кезінде А.Жұбанов Нұрғали Нүсіпжановқа: «жақсы әннің сөзі не ойды білдіреді? Автордың ашылмаған ойын әнші жеткізуі керек. Әнші композитормен, ақынмен денгейлес, реті келсе олардан жоғары болуы тиіс» дейтін.
Н. Нүсіпжановтың ойынша үздік қасиеттерден жұрдай әндер ең алдымен «желікпе» немесе орындаушының болмысына айнала қоймаған туынды болуы мүмкін, ондай шығармаларды әнші «кеппеген әндер» деп атайды. «Эстрада» деген ұғым – әнші, бишілердің тек ел көңілін аулайтын, айтқанын орындап, қарны қампиған мен қалтасы қалыңның көңілін аулап, қабағына қарайтын ресторан төрі-заты тар түсінік емес.
Керісінше, эстрада – көпшілікке парасатты өнердің озық үлгісін көрсететін, тындаушының ой-санасына профессионалдық шеберлік арқылы ықпал жасап, адамгершілігіне эстетикалық-тәрбиелік әсер беретін өнер орны дептүсінген жөн», дейді кәсіпқой да білікті әнші. «Әнші соны түсініп, өзінің тылсым үнімен, ерекше мәнерімен автордың діттеген ойын тындаушыға жеткізе білуі керек. Әнді, негізінен, ел үшін, солардың жүрек қақпасын ашу үшін орындау керек. Өзімнің принципім сол», дейді тәжірибелі әнші.
Сондай-ақ ансамбль мүшелерінің өнер қасиеті, парқы жайлы ой толғаулары да деректерінің бірізді еместігін көруге болады.