Қоғам

МОНОЭТНИКАЛЫҚ АСПАПТЫҚ ЖӘНЕ ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛЬДЕР

Қазіргі жаһанданушы әлемде ұлттық музыка өнерінің даму үрдістері айқындалуда. Өз кезегінде, қарқынды жаһандану ұлттық музыканың орындаушылық үлгісінің бейнесін өзгерте отырып, оған елеулі түзетулер енгізуде.

Моноэтникалық аспаптардан құралған ансамбльдер – құрамы тек қазақтың ұлттық аспаптарында орындайтын эстрадалық этнофольклорлық ұжымдар. Олардың ұлттық аспаптармен байланысты ұстанымы ортақ. Қазақ жастарына ұлттық дәстүрді насихаттаған этно-эстрадалық бағыттағы жаңашыл ансамбльдің бірегейі «Қоңыр» тобы. Қазақ әнін жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан «Қоңыр» 2007 жылдың мамыр айында құрылды. Оны құруды мақсат еткен қазіргі продюсері Сержан Молдасанұлы, оған әуелі Жазира Қошанова, екі айдан кейін Бауыржан Асанбаевты ұжымға қосты. Топтың алғашқы орындаған туындысы Т.Шапайдың «Угай, арман» әні болатын.

«Қоңырдың» бастапқы құрылған жылдары жанкүйерлері мен тыңдаушылары 50 жастан асқан азаматтар болды. Соңғы жылдары ән кештеріне жастар да қызығушылық көрсете бастады. Бұл – қазақ әнінің абыройының, дәрежесінің өскендігін дәлелдейтін ақиқат.

Ұжымның әр мүшесінің өз орны мен атқаратын міндеті бар. Ж. Елебеков атындағы эстрада цирк колледжінен дәріс алған Мархабат Мықтыбеков (тенор) «Қоңыр» тобы құрылғанға дейін дәстүрлі әнші, әнді тек домбырамен ғана орындау керек деген қағиданы ұстанған өнерпаз болды.

«Қоңырға» келгенге дейін біраз уақыт дәстүрлі әнші ретінде сахнада жүрді. Ал Бауыржан Асанбаев (баритон) пен Жазира Қошанова (альт) екеуі ұжымға келгенде 19 жастағы студенттер еді. Олар 60-70 адамның арасынан іріктеуден сүрінбей өтіп, топтың құрамына қабылдады. Қазіргі таңда ансамбль құрамы өзгеріп, онда Жазира Қошанованың орнын Гүлзат Әбдікәрімова басты. Екі жарым ай өткізілген кастингтің нәтижесінде 300 үміткердің ішінен жеңіспен өткен әншінің кәсіпқой музыкалық білімі бар. Сыр өңірінің тумасы Гүлзат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын вокал мамандығынан үздік бітірді. Ол ансамбль ұжымына келген соң, репертуарына Сыр өңірінің жыр жампозы Нұртуған жыраудың «Кәнеки, тілім, сөйлеші» термесін шырқап, көрермендердің көңілінен шықты.

Ансамбльдің репертуарымен жұмыс істеу қалыптасқан дағдылы тәртіпке бағынады. Репертуар таңдауға, негізінен, өнер ұжымының продюсері С. Молдасанұлы мен композитор, ақын Т.Шапай атсалысады. Олар бұрын есті- лмеген қазақтың әндерін тыңдап, соларды жарыққа шығаруды мақсат еткен.

«Қоңыр» тобындағылар шаң басып мұрағатта жатқан әндерімізді өмірге қайта жаңғыртып, тыңдармандарға ұсынып, әрі патриоттық сезімді күшейтуге бағытталуды өзінің негізгі міндеті санайды.

Қазіргі кезде дәстүрлі әндерді жаңаша бағытта өңдеу жайлы қоғамдық пікірлер екі түрлі екені аян: біреулер өңдеуді құптаса, екіншілер – «әннің табиғаты бұзылғанын» айтады.

«Қоңырлықтар» әнді өңдеу арқылы оның ұлттық табиғатын сақтап қалуға болатындығына сенімді. Әндерді өңдеп сахналауда ансамбль ұжымы төмендегі негізгі қағидаларға сүйеніп, өз ұстанымдарын қалыптастырды:

  • бабалардан жеткен аманат – қазақтың халық әнін әуелі зерттеп-зерделеп, тарихына көз жүгіртіп, дәл осы әннің ең алғаш орындаушыларын тыңдап, орындау мәнеріне назар аудару. Әнді өңдеуде түпнұсқасынан ауытқымай, әрі жастардың құлағына сіңімді болатындай шығару;
  • ансамбль ұжымының құрамы трио болғандықтан, әннің бір шумағы мен қайырмасын орындағанда түпнұсқадан ауытқымауды өз міндеті санайды. Демек, ұстаздардан алған тәлім-тәрбиені тәжірибе жүзінде іске асырады;
  • дәстүрлі әннің табиғатын сақтау үшін орындаушыда халық әуеніне, әніне деген жанашырлық болуы тиіс, деп санайды. Әнді түсіну, оның мәнін ұғыну, түпнұсқасымен танысу өте маңызды. Сахнаға шығармас бұрын, оны әбден саралап, сыннан өткен әндерді ғана жарыққа шығару; әнші әрбір әннің өзіне тән табиғатын, оның өзегін, ұлттық нақыш пен бояуды сақтауы қажет;
  • ән таңдауда басты ұстаным – дәстүрлі ән мұраны жастарға заманауи ұнамды өңдеуде ұсыну;
  • топтың орындаушыларына әндерді қазақы үн нақышпен орындау талабы қойылады. Ән мазмұнының нақты жеткізілу шарты әншілердің дикциясы мен мәтіндерді таза айтуымен жүзеге асатындығына назар аударылады.

Ән репертуары патриоттық сезімді күшейтуге, бұрыңғы әндерді қайта жаңғыртып заманға сай жарыққа шығаруға бағытталғандықтан, ансамбль репертуарындағы әрбір шығарма кішігірім көркемдік кеңестен өткізіледі. Ұжым орындайтын бағдарламаға, оның ішкі саясатына қазақ өнерінің, әндерінің жанашырлары – Т.Шапай, Ғ.Доскен, Г.Салықбай ықпал етіп, ансамбль әндерінің өңдеушісі Б.Апош – ансамбльдің репертуарындағы әндерді бірге талқылайды. Ансамбль орындайтын туындылардың мәнін ұғынатын жандардың талғам елегінен өткен әндер тыңдармандардың көңілінен шығуда. Қазіргі уақытта Т.Шапай, Ж.Артықбаевамен жұмыс жасап жатқан ұжымның репертуарына көбінесе халық әндері таңдалады.

Шығармаларды таңдауда топтың мүшелері әннің орындаушысы ретінде белсенді қатысады. Мысалы, Ж.Қошанованың қатысуымен ансамбль репертуарына «Секіртпе» әні енді. Жас кезінен өзі орындаған осы әнмен талай байқауларда жүлдегер атанған. Ал «Нақ-нақ» әнін М.Мықтыбеков енгізді. Мұхиттың «Көк айдай» әнін де ансамбль мүшелері ақылдасып таңдады. Жалпы, әндердің көбін ұжым әншілерінің өздері табады. «Қоңыр» тобының құрылуына себеп болған Т.Шапай, Ғ.Доскен ансамбльдің рухани бағыттағы дамуына тікелей ықпал етіп, жарыққа шығып жатқан әндердің барлығын сарапқа салады. Ансамбль жыл сайын 5-6 әнді таспаға жазып отырады.

Жалпы, «Қоңырдың» бүгінгі деңгейіне оның құрамына, орындалатын әндерді іріктеуде және көркем сапасын бақылауда, тіпті, сахналық киімдер дәрежесін тексерудепродюсердің сіңірген еңбегі зор. Әлбетте, «Қоңыр» тобының өнердегі жұмысында топтың әр мүшесінің өз үлесі бар. Дегенмен де, С.Молдасанұлының әншілерге қойған талабы, әртістерге бар жағдайды жасап беруі оның адамгершілік қасиетінің продюссерлік қызметтен әлдеқайда жоғары тұрғанын дәлелдейді. Тіпті әртістер мен продюсер арасында өзара сыйластықтың, достықтың, ауызбіршіліктің, түсіністіктің қалыптасқандығын әншілердің өздері мақтан тұтады. Ансамбль Германия, Дания, т.б. Батыс елдерін түгел аралап, Қытайға бірнеше рет шақыртылды. Ансамбль мүшелері қазақтың көне аспаптары домбыра, сазсырнай, шаңқобызды тартқандықтан, шетелдік тыңдармандардың қызығушылығын туғызып жүр.

«Қоңыр» орындауынағы шығармаларды «халық әндерінің өңдеулері» немесе «халықтық үлгіге жақын заманауи әндер» деп бағалауға болады. Бұл тұжырым, ең алдымен, ансамбльдің аталуынан дәлелін тапты.

«Қоңыр» сөзі қазақтың дәстүрлі саз өнерінде жанға жайлы, жұмсақ, майда үнмен айтылатын, көңілге қонымды ән дегенді білдірген. Міне, осы тембр бояуы мен дәстүрлі орындау мәнері ансамбль репертуары мен орындаушылық стилін қалыптастырды. Мұндай ән бояуы арқылы «Қоңырлықтар» оның айтылу эстетикасында ғасырлар қойнауынан жалғасын тапқан үннің ұлттық мән- мағынасы мен нақышын қайта жаңғыртады.

Халық және кәсіпқой сазгерлер әндерінің өңдемелері мен заманауи композиторлардың шығармаларынан құралған «Қоңыр» тобының халық әндеріне деген көзқарасы ерекше, ондағы орындаушылық, дәстүрді бұзбай, таза күйінде сақтап жеткізуді мақсат тұтады. Ансамбль бағдарламасындағы Т.Шапайдың («Бала ғашық», «Дариға-дәурен», «Күрең арман», «Қайыңды», «Туған ел», «Жұпаргүл», «Ақ күнгей», «Қоңыр қаз», «Қайыңдының аруы», «Айдай») және Ж.Артықбаеваның («Алтын бесік») өлеңдері. Заманауи композиторлардың туындылары болса да, дәстүрлі нақышта шығарылған.

«Қоңырлықтар» әннің негізгі иірімін ансамбльдің орындауында түбегейлі өзгертпей, халықтық нұсқа шеңберінен көп ажырамайды. Дәстүрлі әндерді өңдеуде бірдей тұжырымдамалық көркем ұстаным тағайындалған:

  • әуеннің бастапқы    көрсетілімінен    кейін    негізгі    әуенге    қосалқы дауыстарды қосу;
  • шумақтан шумаққа өткенде әуен тональдігінің өзгеру мүмкіндігін қарастыру;
  • әйел және    ер    дауыстарын    бірге    орындағанда    октавалы    қос дауыстылықты пайдалану;
  • шумақтарды әншілер әр түрлі дауыс тембрлерімен кезектесе айту нәтижесінде қазақтың дәстүрлі музыкасының табиғатына нұқсан келмей, әуеннің монодиялық сипатын сақтау;
  • қос дауыстылық болған жағдайда кварта, квинта арақашықтықтарын қолданудың нәтижесінде халқымыздың ұлт аспаптарына тән бұрауға еліктеу, ұлттық бояу нақышын күшейте түсу;
  • дауысқа сүйемелдеуші минус жазбаларда қазақтың ұлт аспаптарына еліктейтін тембрлерді қолдану және әншілердің өздері домбыра, қос мойынды домбыра-шертер, саз сырнай, шаңқобыз, кейбір әндерге арнайы қылқобыз аспабын қолдану арқылы әннің ұлттық бояу нақышын күшейту.

«Қоңыр» тобының орындауындағы халық әндерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топта сергек ырғақты, ойнақы, жүрдек екпінді әндер болса, екінші тобын созылыңқы сезімталды лирикалық әндер құрайды. Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы. Ежелгі дәуірден жеткен мәліметтер бұл өңірде «тур» аталатын көшпелі тайпа мекен еткенін көрсетеді. «Авестада» Фердоусидің «Шахнамасындағы» Иран мен Тұран елінің өзара қарым-қатынасы жайлыкөптеген мәліметтер бар. 6-ғасырдан бастап Тұран сөзі – түріктер мекендейтін жер, елдің атауы деген ұғымды білдіреді. Осындай терең ұғыммен аталған, бүгінде шартарапты шарлап, өз елінің жаршысына айналған «Тұран» ансамблін танымайтындар кемде-кем.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close