Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫ: ҚАРАМҰРТТА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Сайрам ауданына қарасты ауылдық аймақ тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді әрі жедел көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылды.

Қарамұрт елді мекенінде «Азия Фаворит» медициналық орталығы пайдалануға берілді. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар тегін медициналық қызмет алады.

Медициналық орталықтың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі М.Мұхтарұлы қатысып, ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта ауылдық елді мекендерде заманауи медициналық нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жаңа медициналық орталықтың есігі әрдайым айқара ашық болып, халықтың алғысына бөлене берсін. Ұжымға табыс, толағай жетістіктер, ал ауыл тұрғындарына мықты денсаулық тілеймін», – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, медициналық орталықтың құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталып, қараша айында толық аяқталған. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 480 шаршы метрді құрайды.

Қазіргі таңда орталықта 17 маман қызмет атқарады. Оның ішінде 5 дәрігер мен 12 медбике бар. Медициналық мекемеде балалар дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігері қабылдау жүргізеді.

Аталған жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапалы әрі уақытылы көмек алуға мүмкіндік береді. Енді тұрғындар аудан орталығына барып, уақыт өткізбей, қажетті медициналық тексерулер мен кеңестерді өз ауылында ала алады. Бұл халық денсаулығын нығайтуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң ықпал етеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close