ЖОМАРТ ЕРТАЕВ ЖАЗАСЫН ТОЛЫҚ ӨТЕП ШЫҚТЫ
Экс-банкир Жомарт Ертаев бас бостандығынан айыру жазасының толық мерзімін өтеп, бостандыққа шықты.

Жомарт Ертаев 2020 жылы «Bank RBK» АҚ-дан аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін сотталған. Тергеу материалдарына сәйкес, 2011–2017 жылдары қызметтік өкілетін пайдаланып, басқа тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы банктен 144 миллиард теңге жымқырылған. Алғашқы сот үкімімен Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның жаза мерзімі 9 жылға қысқартылған.
2025 жылдың қыркүйегінде экс-банкир рақымшылыққа ілігіп, мерзімінен бұрын босатылған еді. Сол кезде Алматы облысы Алатау қаласының соты оның өтелмеген 11 ай 16 күн жаза мерзіміне рақымшылық қолдану туралы шешім қабылдаған. Сот Ертаевтың ауыр қылмыс бойынша жазасын өтеп жатқанын, сондай-ақ өтелмеген мерзімінің бір жылдан аспағанын негізге алған.
Алайда бұл шешім қоғамда және заңгерлер арасында сұрақ туғызды. Атамекен бизнес арнасына берген сұхбатында сол кездегі Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Ертаевқа рақымшылық қолданылуының заңдылығына күмән келтіріп, Бас прокуратураға мәселені қайта қарау туралы жүгінгенін айтқан. Оның мәлімдеуінше, экс-банкирге қатысты залалдың өтелуі және рақымшылық талаптарының сақталуы бойынша сұрақтар болған.
Кейін мәселе апелляциялық тәртіппен қаралды. Алматы облыстық соты Ертаевқа рақымшылық қолдану туралы қаулының күшін жойды. Сот алқасы оның екі үкім бойынша сотталғанын, жаза мерзімін есептеуге қатысты сот актілерінде айырмашылықтар бар екенін және №14 мекеме берген анықтамада да сәйкессіздіктер болғанын анықтаған. Осыған байланысты рақымшылық туралы өтініш қанағаттандырусыз қалдырылды.
Осы шешімнен кейін Ертаев қайтадан қамауға алынып, жазасын өтеуді жалғастырды.
Енді экс-банкир сот белгілеген жаза мерзімін толық өтеп шықты. Осылайша, 2025 жылы рақымшылықпен мерзімінен бұрын босатылғанымен, кейін сот шешімімен қайта қамауға алынған Ертаев қалған жазасын өтеп, бостандыққа шықты.



