АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 881 ТҮП ҚАРАСОРА ТӘРКІЛЕНДІ
Алматы облысында есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды. Полиция жүргізген жедел-профилактикалық іс-шара барысында тұрғыннан 881 түп қарасора тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған факт «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 44 жастағы тұрғынның есірткі заттары бар өсімдіктерді арнайы өсіріп, күтіп-баптағанын анықтаған.
Тексеру кезінде оның өсіруімен айналысқан аумақтан 881 түп қарасораға ұқсас өсімдік тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын аталған өсімдіктерді шамамен екі ай бойы өз бетінше өсіріп, күтім жасаған.
Қазіргі таңда тәркіленген өсімдіктерге қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру, сақтау және айналымға енгізу фактілерін анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.



