ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРЛЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ: 219,7 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ӨТТІ
Түркістан облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Соның ішінде қоғамдық жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі өңір үшін өзекті бағыттардың бірі саналады. Ауыл халқының негізгі тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты екенін ескерсек, жайылым тапшылығының азаюы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Облыстағы жалпы жер қоры 11 миллион 610,3 мың гектарды құрайды. Оның 4 миллион 527,3 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, 807,8 мың гектары елді мекендерге тиесілі. Сонымен қатар өнеркәсіп, байланыс және өзге де мақсаттағы жерлер 140,4 мың гектарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 431,4 мың гектарды, орман қоры 3 миллион 29,87 мың гектарды, су қоры 134,6 мың гектарды құрайды. Ал босалқы жерлер көлемі 2 миллион 539 мың гектар шамасында. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жер ресурстарының ауқымын және оны тиімді басқарудың маңызын айқын көрсетеді.
Министрлік тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылға Түркістан облысында 110 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылған болатын. Алайда облыстың жер ресурстарын басқару департаменті мен аудан, қала әкімдіктерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде бұл көрсеткіш артығымен орындалды. Қазіргі таңда 129,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 117,8 пайызға орындалды. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Аппарат мәжілісінде өңір басшысы жер қатынастары саласындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, жауапты басқармалар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе жайылым жерлердің ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің форумында ауылдық аумақтарды дамыту, оның ішінде жайылым мәселесін шешу қажеттігін нақты тапсырған болатын. Осыған орай облыс әкімі елді мекендер маңындағы қоғамдық жайылымдардың жағдайын жан-жақты зерделеп, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жерлерді анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жерде басты мақсат – жерді жай ғана қайтару емес, оны халықтың игілігі үшін тиімді әрі әділ пайдалану екені ерекше айтылды.
Жиын барысында Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген қоғамдық жайылым жерлерді қайтару жұмыстарының барысы жөнінде егжей-тегжейлі баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы жұмысшы топ құрылып, аудан және қала әкімдіктерімен бірлескен зерделеу жұмыстары ұйымдастырылған.
Зерделеу нәтижесінде облыс бойынша 3960 жер пайдаланушыға тиесілі 372,6 мың гектар жайылым жерлерінде мал басының тіркелмегені анықталған. Бұл жерлер нақты мақсатында пайдаланылмаған болып саналады. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне 224,1 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 219,7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 98 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш өңірдегі жер қатынастары саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі екенін көрсетеді.
Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктері тарапынан Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жер учаскесіне қатысты құжаттар ұсынылған. Олардың негізінде департамент тарапынан 93,3 мың гектар жер пайдаланушыларына тиісті нұсқамалар берілді. Бұдан бөлек, зерделеу жұмыстары барысында 2316 жер пайдаланушының 465,2 мың гектар жерді мақсатына сай пайдаланбағаны анықталды. Осыған байланысты департамент 403 жер пайдаланушыға 93,3 мың гектар жер бойынша нұсқама берсе, аудан және қала әкімдіктері 1177 жер пайдаланушыға 258,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты хабарламалар жолдады.
Жайылым жер тапшылығы мәселесі де біртіндеп шешімін табуда. 2024 жылдың басында өңірде қоғамдық жайылым жерлердің тапшылығы 608 мың гектарды құраған еді. Атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 539,8 мың гектарға дейін төмендеді. Бұл – қабылданған шаралардың тиімділігін көрсететін маңызды нәтиже.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға 144,9 мың гектар жерді айналымға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 12 конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде 109,9 мың гектарды құрайтын 478 жер учаскесі айналымға енгізілді. Оның ішінде 4,8 мың гектары егістік жер болса, 104,5 мың гектары жайылымдық жерлер. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына және жер ресурстарын тиімді пайдалануға оң әсерін тигізуде.
Ал 2026 жылға ауыл шаруашылығы мақсатындағы 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр. Бұл жоспарлар өңірде жер тапшылығын азайтып қана қоймай, ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына, мал шаруашылығын дамытуына және ауыл экономикасының жандануына мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды тиімді айналымға енгізу бағытындағы жұмыстар нақты жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ауыл халқының мүддесін қорғауға, жер ресурстарын әділ пайдалануға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



