АЛМАТЫДА ДЖЕКИ ЧАННЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН «ARMOUR OF GOD: ULTIMATUM» ФИЛЬМІНІҢ ТҮСІРІЛІМІ БАСТАЛДЫ
Алматыда әлемге танымал актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») фильмінің өндірісі ресми түрде басталды.

Түсірілімнің басталуына арналған салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Аида Балаева Джеки Чанға Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, жаңа жобаға сәттілік тіледі.
Атақты актер Алматыдағы жас суретшілер мен болашақ кинематографистермен кездесіп, шығармашылық жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Кездесу соңында балалар Джеки Чанға өз қолдарымен салған портреттерін сыйға тартты.
Фильмнің негізгі түсірілім жұмыстары шілде-қазан айлары аралығында Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді.
Жоба Қазақстанның мәдени және туристік әлеуетін әлемге танытуға, кинотуризмді дамытуға және елімізге халықаралық деңгейдегі ірі киножобаларды тартуға бағытталған.



