ТОҚАЕВ КАСПИЙДЕГІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУДЫҢ МАҚСАТЫ ТҮСІНІКСІЗ БОЛҒАНЫН АЙТТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайға байланысты Қарулы Күштердің басшылығын сынға алды.

Президенттің айтуынша, оқиғаның орын алуына бірінші кезекте жауапты офицерлердің, оның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болған. Мемлекет басшысы қайғылы жағдайдың нақты мән-жайын ғана емес, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға не себеп болғанын және оның мақсаты қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сәйкес келетінін анықтауды тапсырды.
Тоқаев оқу-жаттығуды кім әзірлеп, кім бекіткенін, Бас штабтың бұл үдерістегі рөлін және әскери құрылымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарының не себепті тиісті деңгейде жүргізілмегенін сұрады.
«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған?» – деді Мемлекет басшысы.
Президент жауапсыздық пен салғырттыққа жол беруге болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әскери ведомствода жүйелі жұмыс қамтамасыз етілуі керек, ал дағдарыс жағдайында әрекет ету жоспары нақты әрі тиімді болуы тиіс.
«Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаның барлық себептері мен оған әкелген жағдайларды жан-жақты зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар оқу-жаттығуды жоспарлау кезінде қойылған міндеттердің елдің қазіргі қауіпсіздік талаптары мен ықтимал қатерлерге сәйкестігіне де баға берілуі тиіс екенін айтты.
Президенттің пікірінше, тек нақты оқиғаға баға берумен шектелмей, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін әскери басқару жүйесіндегі проблемаларды анықтап, тиісті қорытынды жасау қажет.



