СЕМЕЙДІҢ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ ДАЙЫН БОЛМАҒАНЫ ҮШІН БЕРІК УӘЛИДІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ
Үкімет отырысында өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздері мен желілерді белгіленген мерзімде әзірлеу тапсырмасын барлық өңір орындағанын, алайда Семей қаласында жұмыс уақытында аяқталмағанын мәлімдеді. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің тиісті салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 11 өңірінде тұтынушыларға жылу беріле бастаған. Бұған дейін жылу көздері мен желілерді 1 қазанға дейін толық дайындау міндеті қойылған.
«Мен бұған дейін жылу көздері мен желілерді 1 қазанға дейін дайындауды тапсырған едім. Барлық өңірлер тапсырманы уақытында орындады, біреуінен басқа. Тек Семей қаласында жылу желілері дайын болмай шықты», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Семей қаласындағы жылу желілерін дайындау жұмыстарының кешігуіне және тиісті үйлестірудің болмауына байланысты жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды. Атап айтқанда, Абай облысы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары жауапқа тартылады.
Жылыту маусымына дайындық – өңір әкімдіктерінің маңызды міндеттерінің бірі. Жылу желілерінің уақытында әзірленбеуі тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жауапты органдардың жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі маңызды.



