ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ №2 ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТА ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Түркістан облыстық №2 облыстық перинаталдық орталығында көпшілікті қуантқан ерекше оқиға тіркелді.

Жүктіліктің 32 аптасында дүниеге келген алғашқы үшемдер аман-есен өмір есігін ашып, отбасы үшін ғана емес, өңір тұрғындары үшін де үлкен қуанышқа айналды. Үш сәби де қыз балалар болып дүниеге келді. Нәрестелердің туған кездегі салмақтары 1775 грамм, 1990 грамм және 1850 грамм болған. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилер дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынып, оларға қажетті медициналық көмек толық көрсетілді.
Үшемдердің анасы — Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылының 38 жастағы тұрғыны Оринбаева Турсунай. Ол мамандығы бойынша дефектолог-логопед болып қызмет атқарады. Ал отағасы Оринбаев Мамуржан еңбек пәнінің мұғалімі. Бақытты отбасы бұған дейін де үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұялардың бірі. Олардың екі қызы мен бір ұлы бар. Енді отбасындағы балалар саны алтыға жетіп, шаңырақтағы қуаныш еселене түсті.
Дәрігерлердің айтуынша, көпұрықты жүктілік әрдайым ерекше бақылауды қажет етеді. Себебі мұндай жағдайда ана мен нәрестелердің денсаулығын сақтау үшін кәсіби медициналық бақылау аса маңызды. Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығының мамандары жүктілік кезеңінен бастап ананың жағдайын тұрақты қадағалап, барлық қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсеткен. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес дәрігерлер анаға кесарь тілігі арқылы ота жасап, үш сәбиді аман-есен босандырып алды.
Нәрестелер дүниеге келгеннен кейін дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты бақылауға алып, қажетті емдеу және күтім шараларын жүргізді. Мерзімінен бұрын туған сәбилер болғандықтан, олар нәрестелер жан сақтау бөлімшесінде және арнайы күтімді қажет ететін нәрестелер бөлімінде бақылауда болған. Бұл бөлімдерде нәрестелерге арнайы күтім көрсетіліп, тыныс алу, тамақтану және ағзаның қалыпты дамуын бақылауға бағытталған ем-шаралар ұйымдастырылды. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында үшемдердің жағдайы тұрақтанып, денсаулықтары жақсарған.
Анасының айтуынша, жүктіліктің 14 аптасында №2 облыстық перинаталдық орталықтың Ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу жүргізілген кезде дәрігерлер үшем күтіп отырғанын хабарлаған. Бұл жаңалықты естіген сәтте ерекше толқыныс пен қуаныш сезімі болғанын жеткізді. Көпбалалы ана бастапқыда қобалжу сезімі болғанымен, дәрігерлердің қолдауы мен кәсіби кеңестерінің арқасында жүктілік кезеңін сеніммен өткергенін айтты.
Үшемдерге туыстары Сафия, Садия және Самия есімдерін қойған. Қазіргі таңда ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Дәрігерлердің мәліметінше, нәрестелер уақыт өте келе қажетті салмақ жинап, жағдайлары толық тұрақтанған. 22 тәуліктен кейін үшемдер 2018 грамм, 2010 грамм және 2008 грамм салмақпен үйлеріне шығарылды. Бұл уақыт аралығында сәбилерге барлық қажетті медициналық бақылау жүргізіліп, олардың өмірге бейімделуі жіті назарда болған.
Салтанатты шығарып салу рәсімі барысында отбасы перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдірді. Ата-ананың айтуынша, дәрігерлер мен мейірбикелер сәбилерге ерекше қамқорлық танытып, тәулік бойы жанашырлықпен қызмет көрсеткен. Әсіресе мерзімінен бұрын туған нәрестелердің жағдайын тұрақтандыруда медицина қызметкерлерінің еңбегі зор болған.
Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығы өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында маңызды медициналық мекемелердің бірі саналады. Мұнда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, күрделі жүктілік жағдайлары тұрақты бақылауда болады. Орталық мамандары көпұрықты жүктілік кезінде ана мен нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық заманауи мүмкіндіктерді пайдаланып келеді.
Мәліметке сәйкес, №2 облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылы үш үшем дүниеге келген. Ал 2026 жылдың басынан бері орталықта 1810 нәресте өмірге келсе, соның ішінде алғашқы үшемдер және 35 егіз тіркелген. Бұл көрсеткіштер өңірде ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Үшемдердің дүниеге келуі тек бір отбасының ғана емес, тұтас аудан тұрғындарының қуанышына айналды. Көпшілік жаңа өмір иелеріне ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық және жарқын болашақ тілеуде. Ал ақ халатты абзал жандардың кәсіби еңбегі мен жанашырлығы тағы бір отбасының қуанышын еселеп, өмірге келген үш сәбидің аман-есен өсіп-жетілуіне үлкен негіз болды.



