ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАРИЯ ҚОЖАСБАЙ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БЕДЕЛДІ ЖУРНАЛИСТИКА МЕКТЕПТЕРІНІҢ БІРІН ТӘМАМДАДЫ
Қазақстандық Дария Қожасбай Нью-Йорктегі әлемдегі ең беделді журналистика мектептерінің бірі саналатын Columbia Journalism School оқу орнын тәмамдаған түлектердің қатарына енді.

Columbia University – АҚШ-тағы Айви Лигасына (Ivy League) кіретін және әлемнің жетекші университеттерінің бірі ретінде танылған жоғары оқу орны. Дәл осы Columbia Journalism School базасында журналистика саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі – Пулитцер сыйлығы табысталады.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Дария Қожасбай аталған бағдарламаны аяқтаған алғашқы қазақстандық қыздардың бірі болып табылады. Бұл жетістік Қазақстан мамандарының халықаралық журналистика мен коммуникация саласындағы әлеуетін көрсетеді.
Бүгінде Қазақстанға халықаралық журналистика, цифрлық медиа, деректі сторителлинг және жаһандық коммуникациялар бағытында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандары аса қажет. Медиа кеңістік қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде Қазақстан мен Орталық Азия туралы әлемге кәсіби әрі сапалы ақпарат жеткізе алатын журналистерді қалыптастыру маңызды.
Алдағы уақытта Дария журналистика саласындағы мансабын дамытып, халықаралық жобаларға қатысуды, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ медиасы арасындағы байланысты нығайтуды жоспарлап отыр.
Халықаралық білім мен жаһандық тәжірибеге ие жас қазақстандық мамандардың көбеюі отандық журналистика, медиа және стратегиялық коммуникациялар саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.



